12.01.2018, 10:44

Жаңаөзендік мұғалімдер мектеп басшысының жемқорлығын әшкерелеп, министр Сағадиевке хат жазды (ФОТО)

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы №6 орта мектеп ұжымы оқу орны директоры өз қызметін асыра пайдаланғанын айтып, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке хат жазды.

«Екі жылдан бері басшының құйтырқы әрекетінен шаршадық» деген мұғалімдер шыдамның шегіне жеткендерін айтады. Олардың сөзінше, басшы қызметін пайдаланып, туыстарын қалаған жұмыстарына орналастырып қойыпты.

- Туған сіңлісі Тұрсынбаева Айнұрдың мамандығы «Кәсіптік бағдар». Бірақ әр жылы әр пәннен сабақ береді. Өткен жылы «Өзін өзі тану», биыл ұлдардың «Технология» пәнінен мұғалім болды.

Өткен жылы ұлы Сембаев Нұрсұлтанды мультимедиялық кабинетке «Жүйелік администратор» қылып қойды. Бірақ ол бүкіл күнін құлағына құлаққап тағып, музыка тыңдаумен өткізеді, – деп жазылған аталған хат мәнінде.

Мұғалімдер сондай-ақ мектептке жаңа басшы келгелі ақша жинаудан бір сәт те көз ашпағанын айтады.

- Өткен оқу жылы «Красная дорожка», «Соңғы қоңырау» өткіземін деп, Жылгелдиева Гүлсараға әр мұғалімнен 1000 теңгеден жинатып алды. Жөндеу жұмыстарын да өз қалтамыздан ақша шығарып істедік. Күні кеше 5-7 сыныптарға арналған журналды әр сынып жетекшіден 1800 теңгеден жинап алдырды, – дейді олар.

Сонымен қатар, арызданушылар кадр мәселесінің тұрақсыздығын қозғаған.

«Мұғалімдерді ауыстыра береді. Мысалы, 2 айдың ішінде 3 тарихшы, 4 қазақ тілі мұғалімі ауысты», – деп бір топ ұстаз Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтен мектеп басшысын орнынан босатуды сұрады.