28.04.2018, 16:38

Алматыда оқушылар робототехника жасаудан жарысты

Алматыда мектеп оқушылары арасында жыл сайын өтетін республикалық Almaty Tech Cup Робототехника және инновациялық технологиялар ашық біріншілігі басталды.

Биыл 5-рет ұйымдастырылып жатқан республикалық жарысқа Қазақстанның шалғай аймақтарынан да оқушылар келді. Жеңімпаздарға Алматы қаласы әкімінің кубогы табысталатын болады.

«Биылғы біріншілікке 300-ден астам топ тіркелді. Әр топта 2-3 оқушыдан болса, жалпы есеппен 800-ден астам жастар жарысқа келген. Олардың басым бөлігі роботтар шайқасы турниріне өз роботтарын шыңдаған. Ал одан бөлек, бізде инженерлік және бағдарламалық жобалар секторы бар. Ең күрделі жобалар WRO 2018 олимпиадасының іріктеуіне қатыстырылады», - дейді республикалық біріншілікті ұйымдастырушы Виталий Ким.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің үш оқушысы ескі компьютер қалдықтарынан өнерпаз робот құрастырған.

Жоба жетекшісі Дамир Жұмантайұлының айтуынша, роботты құрастыруға Ғалымжан Сұлтан, Темірхан Бақытбек пен Оспанов Нұрлыбек есімді мектептің 6-сынып оқушылары қатысқан. Ал қажет жабдықтар ретінде мектептің ескі қоймасындағы пайдалануға жарамсыз компьютерлер пайдаланылған.

«Құрастыруға 3 ай уақытымыз кетті. Арнайы сезгіш аппараттарын қосып үлгермедік. Сондықтан робот әзірге қозғалмайды. Кейінгі жарыстарда ән айтудан бөлек, билей алатын роботты таныстыруды жоспарлап отырмыз», - дейді Подстепное ауылы жалпы орта білім беретін мектебінің робототехника пәнінің мұғалімі Дамир Жұмсантайұлы.

Ауыл мұғалімінің айтуынша, интернет заманында дүниеге келген балалар технологиялық жаңалықтар мен робот жабдықтарын құрастыруға бір табан жақын. Оларға дұрыс бағыт беріп, ынталандыру арқылы болашақта халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруына септігін тигізуге болады.

Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Әлімжан Кеңесбеков пен Асылбек Сакенов науқастың қан қысымын өлшеп, диагноз нәтижесіне орай шай беретін аппарат құрастырған. Кешендік құрылғының артықшылығы оның автономды тәртіпте жұмыс істеуінде болып отыр.

«Диагноз қою процесі - бұл құрылғының ең күрделі бөлігі. Қолғаптың ішіндегі арнайы тетіктер адам денесіндегі биологиялық белсенді нүктелер арқылы қажет ақпаратты алады. Ал қолғапқа біріктірілген аппарат қан қысымын өлшейді. Егер қан қысымыңыз көтеріліп не төмендеп кеткен болса, аппарат сізге каркаде шайын ұсынады. Ал қысым көрсеткіші орта деңгейде болса, түймедақ шайы дайындалады», - дейді Әлімжан.

Жас өнертапқыштың айтуынша, диагноз нәтижесі панкреатит, гастрит, бронхит және аритмия ауруларының белгілерінің бар екенін көрсетсе, оған арнайы дәрігер белгілеген дәрілер ұсынылады. Ал диагноз нәтижесін QiVita мобильдік қосымшасы арқылы көру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, әрбір диагноз туралы ақпарат автоматты түрде дәрігердің бақылауынан өтеді.

«Соңғы есептеулерге сенсек, аппараттың диагноз қою дәлдігі 84 пайызды көрсетіп отыр. Ал барлық операцияны бір микросхемаға біріктірсек, дәлдік көрсеткішін 99,2 пайызға дейін жеткіземіз», - дейді Әлімжан.

Расталған ақпаратқа орай, зияткерлік мектеп оқушылары Мәскеуде ТМД елдері арасында өткен жарыста жеңімпаз атанған. Одан бөлек, олар InfoMatrix халықаралық және Almaty Tech Garden ұйымдастырған республикалық жарыстарға қатысқан.

Алматы қаласындағы 178-лицей оқушылары мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдайтын көлік құрастырған. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін қаладағы жолдар бойында көлікке оқшауланған бағыт берілуі тиіс. Бөлінген бағытта сызылатын әртүрлі түстердің көмегімен көлік белгіленген мекенжайға ешкімнің көмегінсіз жете алады.

«Көлікке жүргізуші қажет емес. Ол арнайы бағдарламаланған платформаның көмегімен қозғалысқа енеді. Кейіннен түске бағытталған навигациялық платформаны бір орталықтан бақылау жүйесіне айналдыру жоспарда бар», - дейді лицейдің робототехника пәні мұғалімі әрі жоба жетекшісі Бегалы Ахметов.

Мұғалімнің айтуынша, қазіргі дамыған қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау мәселесі сирек қаралады. Оларға қолайлылық жасауға роботтық технологияны пайдалану арқылы мәселені жылдам шешуге болады.

Жолдас Өрісбаев