Бүгінде Назарбаев Университеті толыққанды білім беру орталығына айналды. Бұл туралы Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом тапсыру рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің үздік түлектеріне диплом табыстады.
ҚР Президенті қолынан үздік диплом алғандар қатарында Әлия Жақсиева, Айсұлу Айтбекова, Анар Қасымова, Әділет Өтемісов, Темірлан Сейдахметов, Жанар Шоқаева, Айжан Темірбаева, Алтынай Дүйсенбекова, Валентина Винокурова болды.
Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл Университетті 446 студент тәмамдап отыр. Таратылған мәліметтерге қарағанда, жалпы оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жетті. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.
«Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің ең айшықты күні болып саналады. Себебі әлемдік деңгейдегі тұңғыш университет студенттерінің алғашқы легін біз үлкен әлемге шығарып отырмыз.
Біз университетті құрғанда бұл жерде әлемдік деңгейдегі мамандар дайындауды жолға қоюды мақсат еткенбіз. Бүгін сол мақсат толық орындалды», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Университет түлектерінің білімі әлемнің ең жоғарғы оқу орындарының талаптарымен толыға түскенін баса айтты.
«Бұл менің тікелей бастамам мен қамқорлығымның нәтижесінде жүзеге асқанын білесіздер. Ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында мүмкін болды. Жас өрендеріміздің ғылым көкжиегіне деген құштарлығы мен ізденісі арқылы орын алды. Осылай Назарбаев Универсиеті толыққанды білім беру орталығына айналды», - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Назарбаев Университетінің түлектері Қазақстанды болашақта түбегейлі жаңартуға, «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысатындығына сенім артты.
«Баршаңызды осынау тарихи сәтпен және университеттің алғашқы мерейтойы бес жылдығымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Болашақта сан мыңдаған түлектер үшін сан ғасырлық мерекелері жасалатын болады. Себебі, Назарбаев Университеті - Мәңгілік елдің маңдай алды білім беру ошағы», - деді Елбасы.
«Мен университеттің қамқорлық кеңесін, басшылығын профессорлар мен қызметкерлерін алғашқы түлектерімен құттықтаймын. Қаржылай қолдау білдіріп, көмек қолын созған мецанттарға да жеке алғысымды білдіремін. Бұл - біздердің осынау бірегей университетті құру және дамытудағы ортақ еңбегіміздің маңызды нәтижесі. Мен түлектердің ата-аналарын да балаларының ардақты армандарын орындауымен де құттықтаймын. Оларда бізбен бірге қуанып жатқан шығар. Мен барша қазақстандықтарды да біздің еліміз бағындырған тағы бір белеспен құттықтаймын», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы түлектер алдында ерекше жауап кезең тұрғанын баса атап өтті.
«Мен сіздерден барынша кәсібилік күтемін. Сіздердің оқуларыңыз алғашқы диплом алуларыңызбен тәмамдалмайды. Ол бүкіл өмір бойы жалғасады. өмірдің басты шындығын сіздер оқудан кейін аласыздар»,- деді ҚР Президенті.
Елбасы өз ісінің нағыз кәсібиі ғана алған білімін қорытып қана қоймай оны нақты іске асыратындығын баса атап өтті.
«Мен университеттің барлық түлегі дәл сондай кәсіби болатындығына сенемін», - деді Н.Назарбаев.
Астанада әлемдік деңгейдегі ғылыми-білім орталығын құру арманым орындалды. Бұл туралы бүгін Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом тапсыру салтанатты шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Сіздерге өмірге жолдама бере отырып, біз өзіміздің асқақ мақсатымызға біршама жақындай түсеміз. Бұл - біздің сіздермен бірлескен ортақ жеңісіміз. Қымбатты достар, бүгін біз барлығымыз бірлесіп, салтанатты сәттерді бастан кешірудеміз. Біріншіден, менің Астанада ғылым-білім орталығын құру арманым орындалды. Біз университеттің ендігі уақытта қалыптасқанын көріп отырмыз», - деді Елбасы.
ҚР Президенті екіншіден, өзінің атын иеленген универсиеттің алғашқы диплом иегерлері алдында отырғандығын атап өтті.
«Университет ізашарлары сіздердің соңдарыңыздан келесі түлектер жаңа өмірге аттанатын болады. Дегенмен, бірінші болу бақыты сіздерге бұйырды», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев дәл осы күн университет тарихында қалатындығын әрі алғашқы түлектермен университеттің дайындық деңгейі бағалатындығын баса айтты.
Назарбаев Университетінде алғашқы түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық компанияларға осы оқу орнының түлектерін жұмысқа қабылдауға шақырды.
«Қазір енді болашақтарың өз қолдарыңда. Кейбірің шетелдік университеттерге барасыңдар, басқа біреуің осында қаласыңдар, қалғандарың дүниежүзілік компанияларға жұмысқа орналасып жатырсыңдар. Бірақ, менің айтайын дегенім, ең алдымен Отанға қызмет етіңдер. Қазақстанның компаниялары қазір сіздердің араларыңнан білікті мамандарды алып, еліміздің игілігіне жұмыс істетуі керек. Қазақстанның өркендеуіне қызмет ету керексіңдер. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек. Солай емес пе?» -деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент тәмамдап отыр. Таратылған мәліметтерге қарағанда, жалпы оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жетті. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.
Қазақстан Республикасының Премьер – Министрінің төрағалығымен 2009 жылғы «17» қазанда өткен«Астананың жаңа университеті» АҚ Директорлар кеңесінің бірінші қатысу тәртібімен отырысында 2010-2012 жылдарға арналған университетті дамыту стратегиясы бекітілді.
Ашылатын университеттің академиялық және ғылыми саясаты университеттің құрамына кіретін мектептердің (институттардың) әрқайсысы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының санынан шетелдік академиялық серіктестің және күшті ғылыми, клиникалық пен өндірістік базасының болуын жоспарлайды. Бұл елдің индустриалдық – инновациялық даму мақсаттарын шешу үшін білім, ғылым және өндірістің арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Астананың жаңа университеті» жобасын іске асыру жас қазақстандықтарға елден тыс шықпай-ақ әлемдік стандарттарының деңгейінде білім алуға мүмкіндік береді. Бұл ұсынылатын академиялық бағдарламалардың сапасына, профессор-оқытушылар құрамына, материалдық – техникалық базасына, оқыту әдісіне, зерттеу қызметін жүргізу деңгейіне қатысты.
«Жаңа Университеттің аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық құрылатын болады. Өмір туралы ғылымдар орталығы органдарды, жасанды жүрек пен өкпені қондыру, діңгектік жасуша және ұзақ өмір сүру саласында әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен әзірлемелерді жүргізеді. Энергетикалық зерттеулер орталығы қайталанба энергетика, жоғары энергиялар физикасы мен техникасы мәселелерімен айналысатын болады. Пәнаралық аспаптық орталық инжиниринг орталығы, зертханалық база және конструкторлық бюро болып табылады».
Еліміздің ең ерекше оқу орны - Назарбаев университеті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған жаңа университет. Университет миссиясы - Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мүмкіндік беру, сонымен қатар Астананың Еуразия орталығында зерттеу және білім беру орталығын қалыптастыру.
Университет өзіндік білім стандарттары бойынша жұмыс істейді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атақты профессорлар дәріс береді.
Жатын орын мен тамағы: студенттердің университет жатақханасында жайлы тұрулары үшін барлық қажетті жағдай жасалған: жиһаз, Интернетке кіру, кір жуатын орын, сабақ оқуға арналған бөлмелер бар. Бұл оқу орнында тек мемлекет тарапынан тағайындалған грант иегерлері оқитындықтан, негізінен жатын орын мен тамақтану тегін (күніне 4 рет).
Оқуға түсу: талапкерлер университет алдындағы дайындық бағдарламасына түсу үшін тапсырылатын емтихандарға тіркелу онлайн сауалнамасын толтырулары қажет. Назарбаев университетіне қабылдану мына кезеңдерден тұрады:
BCEPT емтиханына British Council (Британдық кеңес) әкімшілік етеді. Аталған BCEPT емтиханын тапсыру үшін талапкерлерде өздерімен бірге мынадай құжаттары болуы керек:
а. Жеке куәлік немесе паспорт түпнұсқасы (көшірмелер қабылданбайды);
ә. Білім беру ұйымы директорының (деканының) қолы мен мөрі бар орташа балы 4.0-ден кем емес ағымдағы жыл ішіндегі соңғы екі тоқсанды қамтитын табельдің немесе сынақ кітапшасының көшірмесі.
BCEPT емтиханынан өткен талапкерлер University College London (UCL) өткізетін Subject Entrance Test (SET)-ке шақырылады.
Мектеп таңдауына байланысты үмтікерлер төменде көрсетілген пәндер бойынша сынақтан өтеді:
Жалпы пәндік емтиханнан өту баллы 50% (минимум), ал әрбір пән бойынша 43%-дан кем болмауы тиіс.
Инженерия мектебі (екі жұптың біреуі) - Математика және физика/Химия және биология
Ғылым және Технологиялар мектебі (екі жұптың біреуі) - Математика және физика/Химия және биология
Премедицина бағдарламасы - Химия және биология
Гуманитарлық және Әлеуметтік ғылымдар мектебі - Сыни ойлау және математика
III. IELTS емтиханы
Ресми және мерзімі бойынша жарамды TOEFL(PBT/ iBT) немесе IELTS сертификаттары бар талапкерлер IELTS емтиханынан босатылады.
TOEFL (PBT/iBT) және IELTS емтихандарының ең төменгі өту балдары:
Инженерия, Ғылым және Технологиялар мектептері мен Премедицина бағдарламасы үшін: TOEFL(pbt) - 530, TOEFL(ibt) - 71; IELTS - 5.5
Гуманитарлық және Әлеуметтік ғылымдар мектебі үшін: TOEFL(pbt) - 550, TOEFL(ibt) - 79-80; IELTS - 6.0