$ 448.15  483.46  4.86

Оралдық 14 бала шетелдік ЖОО-ның грантын жеңіп алды

Білім беру саласы - Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі деп айтуға толықтай негіз бар. Мәселен, экономиканың қозғашуы күші білікті мамандар деп алар болсақ, сол мамандарды даярлау білім және ғылым саласының еншісінде.

Сондықтан да, Қазақстан үкіметі жыл сайын негізгі екі салаға бөлінетін қаражаттың көлемін өсіріп келеді: бірі - денсаулық сақтау болса, екіншісі білім беру саласы. Соңғысына биыл 340,6 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражаттың басым бөлігі мектептердің 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуіне, үштұғырлы тіл реформасын енгізуге және дуальды білім беру жүйесін одан әрі жалғастыруға жұмсалады деп жоспарланған.

Яғни, алдағы уақытта қазақстандық орта мектептердің басым көпшілігі Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесін қабылдайтын болады. Білім беру саласындағы жаңашылдықтардың барлығы да осы білім ордаларына алғашқы болып енгізілген.

Мәселен, елімізде соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы дарынды жастар "Болашақ" бағдарламасы аясында шетелде оқуға мүмкіндік алып келді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін триллиондап ақша да жұмсадық. Ал, қазір Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттері шетелдік жоғары оқу орындарында бюджеттің бір тыйынын да жұмсамай оқитын мүмкіндіктерге ие болып отыр. Үш тілде анық сөйлеп, өз мамандықтары бойынша білімді судай ішкен талантты жастарымыз алдыңғы қатарлы оқу орындарының гранттарын жеңіп алып жатыр.

Сөзімізге дәлел болсын, жуырда Орал қаласындағы физика-матеамтика бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің 14 шәкірті шетелдік университеттердің білім гранттарын жеңіп алды. Оларды мектептегі соңғы қоңырауымен құттықтаған БҚО әкімі Алтай Көлгінов алдағы уақытта өзге де қарапайым мектептердің түлектері дәл осындай жетістіктерімен қуантатынына сенімді екенін айтты. Еске салайық, Алтай Сейдірұлының өзі "Болашақ" бағдарламасының түлегі.

Жиында сөз алған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өңіріміздегі білім беру процесінде ролі ерекше екенін атап өтті.

- Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына - 10 жыл. Яғни, 10 жыл бұрын Астанада жаңашыл форматта білім беретін мектеп өз жұмысын бастады. Елбасы бұнымен тоқтамай, еліміздің барлық өңірінде осындай білім ордасын ашуды қолға алды. Нәтижесінде 2012 жылы Орал қаласында да зәулім мектеп есігін ашты. Естеріңізде болса, мердігердің құрылысты уақытында аяқтамауына байланысты оқушылар №35 мектеп-лицейде бір айдай оқыды. Кейін шәкірттердің арманы орындалып, осы мектеп ашылды. Мектеп салынған кезде айналада осы ғимараттан басқа ештеңе болмады. Ал қазір қаншама үй, нысан бой көтерді. Бұл – мемлекетіміздің дамуының көрінісі. Сіздер - ең бақытты ұрпақсыздар. Қазір Назарбаев мектептерінің тәжірибесін өзге де мектептерге қолданып жатырмыз. Әсіресе, ауылдық мектептерге аса көңіл бөлудеміз. Өйткені дала мен қаланың алшақтығын азайтуымыз қажет. «Рухани жаңғыруда» табысты болудің ең басты кілті білім екені айтылады. Бұл үшін елімізде барлық жағдай жасалуда. Елбасы жатақханалар салуды, мұғалімдердің білімін жетілдіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Біз барлық тапсырманы орындаймыз. Сіздер сол үмітті ақтап, алдарыңызға биік меже қоя біліңіздер. Білім жолында қанаттарыңыз талмасын. Ақ жол!, - деді А.Көлгінов.

Одан әрі мектеп директоры Тимур Нұркешов сөз алып, мектеп жетістіктеріне тоқталды.

- Биыл мектеп 12-жылдық білім беру жүйесі бағдарламасын толық аяқтаған алғашқы түлектерін ұшырды. Бұл бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Оның дәлелінің бірі 85 мектеп түлегінің 14-і алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленіп отыр. Олардың арасында бірден екі университтеттен шақырту алған шәкірттеріміз бар. Мектеп оқушыларының білім-ғылым бәсекесінде жеткен табыстары да аз емес. Олардың қатарында 11-сынып оқушысы Әзиз Талапов осымен екінші рет Мәскеуде өткен «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар салонына қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді, сондай-ақ «Архимед» медалімен марапатталды. Күні кеше мектепке келген 8-сынып оқушылары Болатов Бекбол мен Тыныштық Дастан Қарағанды қаласында өткен «Роболанд-2018» халықаралық байқауынан 3-орын, Кадыргалиев Эламир Алматыда өткен «Инфоматрикс» халықаралық сайысынан 2-орынды иеленді. Сондай-ақ Талапов Әзиз NURINTECH республикалық инновациялық жобалар байқауында 3-орын, 11-сынып оқушысы Арыстанов Данияр республикалық пән олимпиадасында орыс тілі мен әдебиеті бойынша 1-орын, 11-сынып оқушысы Качало Варвара қазақ тілі пәні бойынша республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасынан 3-орын, Абдуллиева Зарина республикалық «Наурыз кездесулері-2018» ғылыми жобалар сайысынан 3-орын алды, - деді ол.

Жиын облыс басшысының осы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған республикалық «Nurintech» инновациялық жобалар байқауынының, халықаралық «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар Салонының жүлдегері 11-сынып оқушысы Әзиз Талаповқа арнайы сертификат пен сыйлықты табыстауымен жалғасты. Сонымен қатар «Жылдың үздік шаңырағы», «Үздік оқырман», «Үздік уикипедияшы», «Үздік TEDx спикері» марапатталды. Айта кетейік, үздік шаңырақ оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Шымкент қаласына барады.

Салтанатты жиында «Ғажайып» би ансамблі «Бала шақтан болашаққа...» композициялық қойылымы арқылы зияткерлердің өсу жолын бимен көркемдеп көрсетті. Мектеп өнерпаздары өнерлерімен шараның көркін кіргізді. Жиын түлектердің «Соңғы қоңырау» соғу рәсімімен аяқталды. Жиыннан кейін мектеп ішінде «Бір үйдің баласындай»тақырыбымен шаңырақтардың түлектермен қоштасу шарасы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, биыл «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына 10 жыл. Өзінің онжылдығы қарсаңында ұйым бірқатар іс-шаралар жоспарлауда. Солардың бірі 28 мамырда еліміздегі 20 зияткерлік мектептің қатысуымен өтетін республикалық «Қолдайық ауыл мектебін акциясы». Акцияның мақсаты – әр аймақтағы бір ауыл мектебіне материалдық және әдістемелік қолдау көрсету.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары