Батыс Қазақстан облысындағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясын биыл бітірген екі сыныптың 29 оқушысы түгелдей білім грантын иеленді.
Олардың 17-сі «Алтын белгі» иегерлері. Ал бес шәкірт – айрықша атестат алған озаттар.
Мектепке кіре берістегі қабырғада қазір бос орын жоқ. Мұнда білім ошағының мақтанышына айналған түлектердің суреттері ілінген. Ал ұстаздар мұндай қарқынмен алдағы жылдары бұл жерден үздіктерге орын қалмауы мүмкін, деп әзілдейді.
“29 баланың 17-сі «Алтын белгімен» бітірді. Бесеуі айрықша атестатпен бітірді. Барлығы 107-ден жоғары жинады, бір баламыз 125 балл жинап, республикадағы бірінші бестікке кірді. Әрине, бұл жетістікке жету оңай емес, бұл – жылдардың жемісі, әр баланы бөлек тұлға ретінде қарап, тіл табысып, баурап, соны жетелеп дамытудың арқасында жетіп отырған жетістік”, – дейді «Үміт» лингвистикалық гимназиясының директоры Дариға Мұштанова.
Осыдан 14 жыл бұрын ашылған «Үміт» тілдер гимназиясын бүгінге дейін 300 оқушы тәмамдаған. Солардың 95-і – «Алтын белгі» иегері. Үлкен өмірге қадам басқандар арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел асып, білім қуғандар да бар.
Өміріндегі бірегей белесті бағындырған жастар енді Астана мен Алматыдағы белді оқу орындарында білім алады. Үлкен сапарға аттанбас бұрын, алтын ұясында бас қосқан арманшыл түлектер тестілеуге қалай дайындалғандарын еске алуда.
“ҰБТ-дан 118 балл жинадым. Әрине, мұндай жоғары нәтижеге жеткенім, ең бірінші осы «Үміттегі» ұстаздарымның арқасында. Ең алдымен сенім деген күштің қандай болатынын білдік. Осы класс оқушыларымен біз өмірде де бір отбасының балаларындай татумыз”, – дейді «Үміт» лингвистикалық гимназиясының түлегі Жансая Жұмағалиева.
Білім және ғылым министрлігі түзген рейтинг бойынша «Үміт» гимназиясының түлектері алдыңғы қатарда тұр. Осыған қанаттанған ұстаздар шәкірттеріне арнап, өмір туралы тәрбие сағаттарын өткізуге кірісті.
Астана телеарнасы