21.09.2018, 09:28

Түркістан облысының екі бірдей қаласында жастарға арналған коворкинг-орталық ашылды

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетіне айналады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек». Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан үзінді. Жалпы, Елбасы қазақстандықтардың білім-ғылым, өркениет және руханият тұрғысында әлемде бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу керектігін жиі айтып отырады. Ал, аталған мақалада тіпті ерекше атап көрсеткен. Әсіресе, жастарға артылатын үміттің зор екенін, өскелең ұрпақ Қазақстанды өркениетті елдердің қатарына қосуы тиіс екенін айтудан жалықпаған.

Бүгінде Елбасының осынау тапсырмасын орындау мақсатында жастар ісін жандандыруға арналған мемлекеттік тапсырма да қабылданып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сол атқарылып жатқан жұмыстардың бірі ретінде Түркістан облысында ашылған екі бірдей коворкинг-орталықты айтуға болады. Олардың алғашқысы Арыс қаласында ашылса, екіншісі моноқала статусына ие Кентауда бой көтерді.

Тоқсан жолдың торабы саналатын Арысқа жастар орталығы керек-ақ. КСРО заманында тіршілігі қыз-қыз қайнаған шағын қала тәуелсіздік жылдарында біраз тоқырап қалғаны өтірік емес. Салдарынан мұнда қылмыс көрсеткіші де күрт өскен болатын. Жастар арасында жұмыссыздық жайлап, ұрлық, тонау, барымташылық секілді заңсыздықтар осы жастар қолымен жиі жасалды. Тек индустриаландыру дәуірі басталысымен ғана Арыста бос жұмыс орындары көптеп ашылып, сенделіп жүрген жас азаматтардың екі қолына бір күрек табылды. Тиісінше, қылмыс көрсеткіші де кеміді.

Дегенмен, жастардың бос уақытында білімін жетілдіріп, пікірі алмасатын орталық қажет-ақ болған. Қылмысты азайту өз алдына, жастарымызды бәсекеге қабілетті, білімді, өркениетті етіп тәрбиелеу тағы бар. Ол үшін бүгін ашылып отырған коворкинг-орталықтың маңызы зор. Жаңа орталық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесі жанынан құрылған.

Заманауи білім орталығының ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, «Нұр Отан» партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Қалиев, қала әкімінің орынбасарлары қатысты.

«Сoworking» орталығы – кез-келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер, семинарлар мен тренингтер ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнап, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік тудырып, орталыққа келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге арналған мекен болмақ.

Кентау қаласы да жастар орталығына мұқтаж. Кеншілердің елдімекені КСРО кезінде сұлулығына байланысты «екінші Швейцария» деп аталатын. Кейін еліміз тәуелсіздігін алып, тоқсаныншы жылдары болған тоқырау кезінде қалада өндіріс тоқтаған еді. Тиісінше жергілікті тұрғындары да Қазақстанның өзге қалаларына және шет елдерге көшіп кетті. Жұмыссыздық салдарынан кентаулық жастар арасында нашақорлық өршіген болатын. Қылмыс көрсеткіші де мәз емес еді.

Дегенмен, Кентау осыдан бес жылдай уақыт бұрын моноқалалар (мемлекеттік бағдарлама) тізіміне еніп, қаланы дамытуға бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінді. Бұл ақшаға жаңа өндіріс орындары, әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтары салынды. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, сенделіп жүрген жастардың проблемасы шешілді. Кентауда қылмыс деңгейі күрт төмендеді. Ал, енді міне, оларға коворкинг-орталығы да салынып отыр.

«Сoworking» орталығының ашылуына «Нұр Отан» партиясының өңірдегі филиалы мұрындық болыпты. Жаңа нысан «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы аясында орталық кітапхана жанынан ашылған. Мұнда жастар өздеріне қажетті жұмыстарымен емін-еркін айналысып, семинар, конференция, іскерлік кездесулер мен өзге де қажетті шараларды өткізе алады. Коворкинг-орталықта өзін-өзі дамыту жұмыстары бойынша тренингтер өткізіп, заңдық, IT және маркетингтік кеңестер алуға болады.

«Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағымбек Асылбековтың айтуынша, Кентау қаласының кітапханасында ашылған орталықтың тұрғындарға жаңа серпіліс беретін, өңірдің инновациялық дамуына көмектесетін, жаңа ұрпаққа мамандық таңдауға, пікірлестер командасын қалыптастыруға арналған перспективалық жобаларды енгізетін, инновациялық идеялар мен тәжірибелерді іске асыратын орталық болады.

 Қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев коворкинг орталықтың ашылуы тек кітапсүйер қауымға ғана емес, барлық қала тұрғындары, әсіресе жастар үшін өте маңызды екенін тілге тиек етті.

- Енді жастар бос уақыттарында үстелдік ойындар ойнап, соңғы жаңалықтарды талқылап, пікір алмаса алады. Сондай-ақ, ардагерлер жиі кездесіп, әңгімелесуге көп мүмкіндік туғызады. Бұл жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді, - деді ардагер.

- Біздің кітапханада жұмыс істеуге және демалуға барлық жағдайлар жасалған: ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype арқылы сұхбаттасу, принтерлер мен сканерлер. Әріне, бұл барлық қала тұрғындары үшін демалуға арналған ең ыңғайлы алаң, - деді қала әкімінің орынбасары Самат Расул орталықтың ашылуы барысында.

Ақбота Мұсабекқызы