С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Үш тұғырлы тіл саясаты – жастардың болашағы мен мүмкіндігі» атты ақпараттық-насихаттау шарасы өтті.
Аталмыш жиынға арнайы Қарағанды қаласынан оқытушылар мен тіл жанашырлары, қала колледждері мен мектептерінің оқушылары қатысты. Тағылымы мол шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева ашып, жүргізіп отырды.
Алғаш болып сөз алған Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Сәуле Нелдібаева қазақ тілінің мәртебесі жөнінде сөз қозғады. Маманның келтірген мәліметіне сәйкес Қазақстан халқының 78% қазақ тілін, ал 8% үш тілді жетік меңгерген. Соңғы жылдары ағылшын тілін үйренушілер саны едәуір артқан.
Жиынның екінші жартысында қаламыздағы білім беру ошақтары өз өнерлерін көрсетті. №2 «Айналайын» балабақшасының 3-4 жас аралығындағы тәрбиеленушілері «Әрқашан күн сөнбесін» деп қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілінде «Rain» әнін шырқады. Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінің оқушылары «екі тіл білу жақсы, ал үш тілді меңгеру одан да жақсы» деген ұранмен көрініс қойып, жастарды көптілді үйренуге шақырды. Жезқазған гумманитарлық колледжінің білім алушылары болса туристің кейпіне еніп, Ұлытау жеріне саяхаттап, киелі мекеннің тарихын үш тілде ести алды.
«Өзге тіл – тірлік үшін, өз тілің – бірлік үшін» демекші, қазіргі бәсекелестік артқан заманда тек бір тіл білумен шектелуге болмайды. Жастар соны дәлелдеп бергендей. Олардың ойынша, адамда шынайы ниет пен ынта болса кез келген тілді үйреніп алуға болады.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Ағылшын тілі және лингводидактика» кафедрасының доценті Жаңбырбай Қағазбаев көп тілді білу көпқабатты ғимаратты аша латын кілт ие болумен пара-пар деген пікірде.
– Бүгінгі жастар бәсекеге қабілетті, компьютер сауаттылығы жоғары, бірнеше шетел тілін меңгерген, бөгде мәдениет өкілдерімен оңай қарым-қатынасқа түсе алатын, тың жаңалықтар ұсына алатын болу керек, - дейді доцент. «Болашақ» академиясының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Құрманғазы Сембиев өз баяндамасында латын әліпбиін сөз етті. Қоғамда «латын тілі» мен «латын әліпбиі» деген екі түрлі ой қалыптасқан дейді тіл жанашыры.
– Ертеректе латын деген халық болған. Бірақ, ұлттық кодын жоғалтып алғандықтан ол ұлт та, тілі де жойылып кетіп, тек таңбасы қалған. Сонда да бұл таңбаны әлем қолданады. Қазақ тілінің латын қаріпіне көшуі көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізіп, жаңашылдықтардың есігін ашпақ,- деді.
Мемлекет болашағы – білімді, парасатты жастар. Елбасы кезекті Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеуі де бекер емес. Әр жас қазақстандық «Мемлекет маған не береді деп емес, мен өз Отаныма, еліме, жеріме не бере аламын» деген ойда болуы керек. Сонда ғана біз осындай өз елінің патриоттарының еңбегінің нәтижесінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарында көріне аламыз.
Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА