«Қазақстандағы әрбір үшінші «Алтын белгі» иегері — Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің түлегі. Бұл өте қуанышты жағдай.
Мұның барлығы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана әрі салмақты саясатының жемісі», - деді Білім күні мерекесінде Шымкент қаласында орналасқан «химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне» барып, мұғалімдер мен оқушыларды мерекемен құттықтаған ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов.
Сондай-ақ, оңтүстікқазақстандық оқушылар 2015 жылы алғаш рет республикалық пән олимпиадасының қорытындысына сәйкес, 2 бағыт бойынша жүлделі үшінші орынды иеленген болатын.
Облыс бойынша биылғы жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында 49 жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілсе, соның 22-сі бүгін, 1 қыркүйек күні ашылды.
Өңір басшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 21-ге дейін қысқаратынына назар аударды. Ал, 46 апатты жағдайдағы мектептен бар-жоғы 17-сі қалмақ. Оған қоса биыл ОҚО-да 74 мектеп күрделі жөндеуден, 675 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жалпы, өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы 2016-2017 жылдары толығымен шешіледі деп жоспарлануда.
Облыс басшысы Назарбаев зияткерлік мектебінің сыныптары мен зертханаларын аралап, оқушылармен кездесті.