14.07.2014, 12:09

Жастар ғылымға бет бұра бастады — А. Сәрiнжiпов

Сурет: i-news.kz

Ғылым саласын қаржыландырудың жаңа жүйесi өз жемiсiн бере бастады, деп есептейдi ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрiнжiпов. 

Министрдің айтуы бойынша, қазiргi уақытта ғылымды қолдау және қаржыландыру бағытындағы жағдай 90-шы жылдарға қарағанда түбегейлi өзгерген. Ол кезде көптеген ғалымдар шетелге жұмыс iстеуге кетiп қалған болатын.

— Бүгінде Ғылым туралы заң енгiзiлдi, оның аясында қаржыландыру ұлғайып отыр. Атап айтар болсақ, қаржыландырудың үш арнасы бар: базалық, гранттық және мақсаттық. Жыл сайын құйылатын қаражаттың көлемi де артуда. Былтыр 10 млрд. теңге бөлiндi. Бұл жүйе өз жемiсiн бере бастады, — деді бүгін министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Сарінжіповтің ақпаратына жүгінсек, ағымдағы жылы қазақстандық ғалымдардың 2000-нан астам халықаралық ғылыми жарияланымдары жарыққа шығады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 10-20 пайызға жоғары.

Сонымен қатар, А.Сәрiнжiпов жастардың ғылым саласына бет бұра бастағандығын да ерекше атап өттi. 

— Елде жас ғалымдарға барлық жағдайлар жасалған. Соған орай жастардың ғылымдағы үлесi де артуда, — дейдi ол.