29.04.2019, 13:05

Шымкент қаласында жатақхана мәселесі 2021 жылы толық шешімін табады

Бұл туралы Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді. Оның айтуынша, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының» өз қаржысы есебінен қолданыстағы оқу ғимаратын 450 орындық жатақхана етіп, қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жатақхана осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмекші. Бұл – бір. Екіншіден, жергілікті билік тарапынан «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр екен. Дәлірек айтсақ, бұл мақсатқа «Shymkent City» қалашығы аумағынан 2 гектар жер бөлініп, 2,5 мың орындық 12 қабатты 8 жатақхана салынатын болады.

Сонымен қатар қалған жатақхана орнының тапшылығын жою үшін «Тұран» шағынауданынан қосымша жер бөлінді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, биыл 1810 орындық бірнеше жатақхана пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«SN.kz»-ақпарат.

Тегтер: Шымкент