Балалардың жазғы демалысын оңтайлы ұйымдастыру үшін Шымкент қалалық білім басқармасы өңіріміздегі таулы өлкеде орналасқан «Арман», «Ақсу», «Үшбұлақ», «Ерке Машат» лагерьлерімен арнайы келісімшарт жасасқан. Санаулы күндерден соң балалар сауықтыру орындарына жолға шықпақ. Тиісті тегін жолдамалар жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардың балаларына беріледі. Айгүл Текебаева жолдама беру немесе құжат рәсімдеуде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жаңа жүйе қолданысқа еніп, жүзеге асуға көшкенін атап өтті.
– «Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, тиісті құжаттарды енді ХҚКО-на тапсырады, сосын барып лагерьлерге жолдама беріледі, - дейді ол.
Бұл мақсатта ата-аналар мынадай қажетті құжаттар тізбесін тапсырады:
Арнайы нысан бойынша өтініш;
Жеке куәлік көшірмесі;
Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
Медициналық анықтама;
Мәртебесін дәлелдейтін құжаттың көшірмесі.
«SN.kz»-ақпарат.