«Ақылды қала» жобасы денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі 103-Жедел медициналық қызметін жаңғырту. Ал, екіншісі кешенді медициналық ақпараттық жүйені енгізу.
«Қаладағы барлық 36 медициналық мекеменің барлығы электронды жүйеге қосылды. 100% интернетпен қамтамасыз етілді. Одан бөлек халық көп сұранысқа ие қызметтерді автоматтандырдық. Дәрігерлерді үйге шақыру, тіркелу, қабылдауға жатқызу жұмыстары жүргізілуде» - дейді Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупова.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметін автоматтандыру және IoT әлеуметтану элементтерін нысандарға енгізу жұмыстары да іске қосылуда. Бұл білім беру саласының негізгі бағыттары. Көлік саласы да бұл жобадан құр алақан емес. Қоғамдық көліктерде электрондық билет беру жүйесін енгізу және автоматтандырылған тұрақ ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынған.
Қауіпсіздікке қатысты «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі іске қосылуда. Бүгінде осы жоба аясында 29 обьектіде камера орнатылған. Сонымен қатар, «МEYIRIM.KZ» электронды қайырымдылық порталы мен «ELKOMEK» әлеуметтік порталы іске қосылды. Қалалық басқару, бизнес және ауылшаруашылық саласы бойынша да бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді.
«SN.kz» - ақпарат»