$ 494.87  520.65  4.91

ОҚШАУЛАП ОҚЫТУДАН ОРТАҚ БІЛІМ АРТЫҚ

Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны  Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың  13 желтоқсанында енгізілді.
Фото: petrsu.ru
Фото: petrsu.ru

Инклюзивті білім берудің артықшылығы

Барлық бала бірдей құқықтарға ие, мейлі ол тумысынан жарымжан болса да. Оның да қатарластары секілді ойнап-күлуге, білім алуға құқығы бар. Өкінішке қарай, Кеңес Одағы тұсында басталған ерекше мұқтаждығы бар балаларды бөліп оқыту, оларды оқшаулау үрдісі күні кешеге дейін жалғасты. Әйтсе де, бір қуанарлығы бүгінде оларды басқа балалармен бірге жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісі қолға алынды. Инклюзивті білім берудің артықшылығы қандай, ол балаға қалай әсер етеді? Осыны талдап көрсек.

Инклюзивті білім беру дегеніміз – даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты дамыған балалармен бірге әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы жеңілдетілген оқыту жүйесі. Мұның ең бірінші пайдасы – балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, яғни, «мына бала сау, мынау мүгедек» деген алалауды жою. Негізі, бөлінетін балалар емес, оларды бөлінуге үйрететін мына біздер – ересектер. Бірінші – ата-аналар, екі жақтың да. Сау баланың ата-анасы «ана бәленшеге жолама, ол мүгедек» дейді немесе керісінше «ол мүгедек қой» деп, баланың бойында оған деген аяушылық сезімін тудырады. Ал мүгедек баланың ата-анасы оны аяп, ерекше өбектеп, оқшаулап жатады. Жіктелу міне осыдан басталады. 

Екіншіден, балаларды бөліп қарайтын – қоғам. Жоғарыда аталғандай, ерекше мұқтаждығы бар балаларды оқшаулап оқытып, тек өздері секілді жандармен бірге топтастырады. Нәтижесінде, бала сол ортада ғана өзін еркін ұстай алады, ол тіпті одан басқа ортаның барын да білмей өседі. Сондықтан есейе келе, жалпы қоғамға араласа алмай күйзеліске түседі. 

Міне, осының барлығын ескере отырып, еліміз соңғы жылдары инклюзивті білім беру жүйесін енгізді. Мұның астарында барлық адамдарға деген теңдік қатынасын қамтамасыз ету, сонымен қатар оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастырудың идеологиясы жатыр. 

Жалпы, әлем ғалымдары оқыту үрдісінің бұл түріне мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды алалайтын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеттеріне: білім бағдарламаларын меңгеру үшін жағдай жасау және жеке адамның шығармашылық рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілікпен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы парасатты байыту» деп атап көрсеткен. Осыған байланысты қоғам алдына оқушының жеке басын үйлесімді дамытуа бағыттайтын міндеттер қойылып отыр.

Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны  Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың  13 желтоқсанында енгізілді.

Инклюзивті оқыту- негізгі принцептері:

1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне, қабілетті мен жетістіктеріне қарай анықталады.

2. Әр адам сезуге және ойлауға қабілетті.

3. Әр адам қарым-қатынасқа құқылы.

4. Барлық адам бір-біріне қажет.

5. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.

6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.

7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету деген – өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.

8. Инклюзивті бағыт кемтар балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. 

Инклюзивті білім беретін мектептерде білім мазмұны 3 түрлі бағдарлама бойынша реттеген абзал: 

1.жалпы мектептерге арналған типтік оқу бағдарламалары:

2.мүмкіндігі шектеулі балалардың ақаулық типтеріне сәйкес арнаулы білім беру бағытындағы оқу бағдарламалары 

3.мүмкіндігі шектеулі балалардың психофизикалық ерекшіліктерін есепке ала отырып әзірлентін оқытудың жеке бағдарламасы

Жалпы, бұл үрдістің тарихына үңілсек, инклюзивті білім беру  мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал, біздің елімізде Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі заңында даму мүмкіндігі шектелген барлық балалар психологиялық-медицина-педагогикалық кеңестің қортындысына сәйкес арнайы түзету мекемелерінде және мемлекеттік білім жалпы беретін мектептерде тегін оқуға құқылы деп шешілген. Атап айтсақ мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортаға кіріктіру мақсатында 2009 жылғы ҚР инклюзивті білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленген, сонымен қатар 2010 жылдың 1 ақпанында бекітілген ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын атауға болады.

Инклюзивті мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады, өйткені олар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, танып білуге, қабылдауға үйренеді. Сол арқылы ол өзін толыққанды адам ретінде сезініп, қоғамның барлық саласына қымсынбай араласа алады. Жұмысқа орналаса алады. Тіпті спорттық, интелектуалдық шараларға қатысып, өз мүмкіндігін толық пайдалана алады. Кейінгі кездері оларға үлгі болатын тұлғалар пайда бола бастады. Мәселен, соның бірі – Ник Вуйчич. Екі қол, екі аяғы жоқ болса да, отбасын құрып, бала сүйіп, онымен қоймай шешендігімен бүкіл елді аузына қаратып отырған оның өмірі көптеген жандарға үлгі. 

Міне, осының барлығын ескере отырып, біз қоғамда ерекше мұқтаждығы бар жандарды өмірге құштарландыруымыз керек. Жалпы, елімізде бұл тұрғыда жасалып жатқан іс аз емес. Және алда әлі көптеген мақсаттар тұр. Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарлама негізінде 2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, сыныптарды арнайы парталармен, үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жабдықтау.  Сол арқылы балалар арасында «кедергісіз аймақ» құру жоспарланған. Сондай-ақ мектептерде педагог-дефектологтардың, балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің, арнайы жеке техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету қарастырылуда. Осылайша мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау, олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруда қолдан келгенше жағдай жасамақшы.

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары