12.08.2019, 15:32

Баланы мектепке 6 жастан берген дұрыс па?: Білім басқармасы жауап берді

«Биыл біз ата-аналарға таңдау құқығын береміз» - деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова.

Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова баланы мектепке 6 немесе 7 жасынан бастап жіберу туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

«Қаңтарда Қазақстан Республикасындағы білім туралы заңға ағымдағы жылдан бастап 6 жасқа дейінгі балалар мектептерге қабылданады деген өзгерту енгізілді. Бұрын 6-дан 7-ге дейін деп жазылған болатын. Ата-аналар өздері білетін. Баласын 6 немесе 7 жаста мектепке беретін. Заңға түзетулер жылдың ортасында енгізілді, ата-аналар дайын болмады, балаларын дайындамады. 

Сондықтан биылғы жылы олар таңдау құқығына ие: баланы беру-бермеу туралы шешімді өздері қабылдайды. Бірақ, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде бала 6 жаста болса, ол мектепке баруы керек. Себебі, бағдарлама 6 жастағы балаға арнап дайындалған. Биыл біз ата-аналарға таңдау құқығын береміз», - деді Гүлнәр Қожабергенова брифингте. 

Алайда ол, ата-аналар балаларын мектепке 6 жастан жіберу керек деп атап өтті. Себебі, 12 жылдық білім беруге біртіндеп көшу басталды. Білім басшысы 6 жасында баласын мектепке жібермеген ата-аналарға ешқандай шара қолданылмайтынын баса айтты. 

«Ата-аналардың бала бағдарламаны игеріп кете алмайды деуіне негіз жоқ. Бағдарлама 6 жастағы балаға арналған», - деді Білім басқармасының басшысы.