$ 449.58  486.94  4.86

«Мен – миллионер мұғаліммін!» - Ақмарал Шатемірқызы

«Шынында да, батырлар жыры – ұлттық құндылығымыздың биік шыңы екенін сезіндім. Байқау кезіндегі жырларды оқып, жаттап өскен балалардан ұлт болмысын жаңғыртатын қайсар, намысшыл ұрпақ өсіп-жетілетіндігі паш етіліп тұрғандай».

Алматы қаласының әкімдігі «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауынан қала бойынша жеңімпаз атанғандарды құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«I орын иегері (1 000 000 тенге) – Айым Ералхан, жетекшісі (2 000 000 теңге) – Ақмарал Шатемірқызы.
II орын иегері (600 000 теңге) – Аружан Абсатар, жетекшісі (1 200 000 теңге) – Майра Мырзахметова.
III орын иегері (300 000 теңге) – Шыңғысхан Нишан, жетекшісі (600 000 теңге) – Қарлығаш Шәріп.
Жеңіс құтты болсын!» деп жазған Алматы қаласының әкімдігі «Тұлпар мініп, ту алған» facebook парақшасында.

Бұл ретте, 1-орын алған Айым Ералханның ұстазы, 2 миллион теңге иегері Ақмарал Шатемірқызы қуанышын жасыра алмай, желідегі «Қазақстан ұстаздары» тобында өзінің жүрекжарды сөзін арнайы пост етіп жазды.

«Әріптестер, бауырлар, желідегі достарым! Бүгін Алматы қаласында «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы – «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы болып өтті. Байқауға Алматы қаласының 8 ауданынан оза шауып, 1,2,3-орын алған 24 дарынды «Қобыланды батыр» жыршылары-оқушыларымыз қатысты. Үкіметіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы – балалардың жігерін рухани жанып, шабыт беретін, сонау заманнан ауыздан-ауызға тараған халық жырларын сүйіп жаттауға бағыт беретін ерекше байқау болды. Балалардың халық поэзиясын жаттауы арқылы патриотизмге тәрбиелеу іс жүзінде көрінді. Халқымыздың ұлттық киімдерімен келген оқушылардың жалын атқан жүздерінен ата-баба жырына деген мақтаныш сезіліп тұрды. Шынында да, батырлар жыры – ұлттық құндылығымыздың биік шыңы екенін сезіндім. Байқау кезіндегі жырларды оқып, жаттап өскен балалардан ұлт болмысын жаңғыртатын қайсар, намысшыл ұрпақ өсіп-жетілетіндігі паш етіліп тұрғандай», – дейді қуаныш иесі.

Енді өскелең ұрпақты ұлы жырды жаттауға бейімдеуде барынша ұстамдылық танытқан ұлағатты ұстаздың ағынан жарылған жазбасын оқырман назарына қаз-қалпында ұсынсақ:

«Еңбектің ақталғаны осы шығар. Оқушым Ералхан Айымды жаз бойы дайындадым. Қыркүйекте сабақ басталған соң, сабақтан тыс уақыттың бәрін соған арнадым. Талай күндер мектептен түнгі 23.00-терде қайтып жүрдік. Алғаш Әуезов аудандық сайыста 1-орынды жеңіп алғанда, Қазақ радиосына интервью беріңіз деп бір жігіт жақындады. Мен оқушым берсін деп, Айымға бұрдым. «Сахнада неше жасыңнан бері жүрсің?» деген сұрағына Айым: «Бірінші сыныптан осы уақытқа дейін сахнаға шығып көрмеппін, осы Оқушылар сарайында сахнаға шығуым – алғаш рет» деп жауап берді.

Бұлақтың көзін ашудың бақыт екенін сол сәтте сезіндім. Артынша-ақ, мектеп-лицейімізде Тіл мерекесіне арналған жазушылармен кездесуде Айымды жүргізуші етіп қойдым, сахнаға бейімделіп, үйрене берсін деп. Қалалық байқауға шығар алдында бір күн бұрын анасына ұлттық көйлек прокатқа алдыртып, Айымға кигізіп, мектеп сахнасында өлең оқытып, ары-бері жүргізіп, ұлттық киімге де бойын үйреттім. Былай айтқанда, қыз Құртқа Тайбурылды баптағандай, мен де Айымның жан-жақты ашылуын, актерлік қимылына дейін, жырдағы «Хақ Жаббар мен жеті кәміл бабаға» қалай қол жайып жалбарынуға, «Анаң байғұс зарлайды, ботасы өлген інгендейді» айтқанда бір жақ бетін басып, жылағанын білдіруді, дауысты түрлі ырғаққа салуды үйретуден жалықпадым.

Алғашқы аудандық байқауалды дайындық кезеңінде-ақ, балаларды аса жайлы мінезімен, қамқорлығымен, сахнадағы жарасымды іс-әрекеттерімен, бағыт-бағдарымен балалардың сеніміне ие болған, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің басын қосып, үйірілтіп ұйымдастыра білген Жамбыл Аманкелдіұлына, бүгінгі байқауда әділетті төрелік еткен жазушы әділқазыларға және қазылар төрағасы, қалалық маслихат депутаты Матыжанов Кенжехан Ісләмұлына рақмет!

Және телефон соғып, уатсаптарда құттықтап жатқан достарыма рақмет.
Бүгінгі байқауға қатысқан 24 оқушының мұғалімдері, сіздер – тамаша жансыздар! Сіздердің еңбектеріңіз шексіз, барлығыңыз да Министрдің Алғыс хатына лайықсыздар! Айтпақшы, байқаудың ережесінде: «7.1. Аудандық кезеңде 1, 2, 3 орын алған жеңімпаздар Байқаудың облыстық кезеңіне өтеді. Ал жеңімпаз оқушылардың мұғалімдері ҚР Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады» деп жазылған. Мен сіздердің араларыңызда болғаныма қуаныштымын! Құрметпен, мұғалім», – дейді Ақмарал Шатемірқызы.

Осы сәтте қуанышқа ортақтасып, жеңімпаздарды құттықтап жатқан әлеуметтік желі қолданушыларының қатары да қисапсыз.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары