$ 494.87  520.65  4.91

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомство жұмысына «төңкеріс» жасауы мүмкін

«Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет болып қайта құрылады. Демек комитеттің миссиясы мен міндеттері де өзгереді. Ендігі міндет - тәртіп бұзушылықты тексеру мен анықтау ғана емес, сонымен бірге әдістемелік көмек көрсету».

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі басқарып отырған ведомство жұмысының тиімділігін арттыру жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Мәселен, негізгі бөлімшелердің жұмысында басты назар стратегиялық басымдықтарды анықтап, білім беру саясатын белгілеуге емес, ағымдағы операциялық-шаруашылық жұмыстарға аударылған. Мектепке дейінгі және орта білім беру, ТжКБ және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру секілді негізгі департаменттер өз құзіретін жатпайтын қызмет атқарады. Атап айтқанда конкурстық рәсімдерді жүргізу, мемлекеттік сатып алулардың техникалық сипаттамаларын әзірлеу, атқарылған жұмыстардың есебін қабылдау, актілерге қол қою, бюджеттік өтінімдерді жасау және тағы сол секілді... Сөйте тұра, нормативті құжаттармен жұмыс істеу және өз саласындағы жұмысты үйлестіру сияқты басты міндеттеріне қажетті деңгейде көңіл бөлінбей келеді», - деп жазды министр Facebook парақшасында. 

Асхат Аймағамбетов бірқатар қызметкерлер мен бөлімшелерде функциялардың қайталануы мен қарама-қайшылықтардың анықталғанын атап өтеді. 

«Құрылымдық бөлімшелердің жүктемелерін талдау да осындай сәйкессіздіктердің көп екенін көрсетті. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің бір қызметкерінің жүктемесі басқа сервистік департаменттегіден 7 есе артық. Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін министрліктің құрылымында бірқатар өзгеріс болады. Енді мемлекеттік сатып алу, орындалған жұмыстардың актілерін қабылдау, бюджетті игеру, техникалық сипаттамаларды жасау сияқты барлық міндеттер қаржы департаментіне жүктеледі. Бюджеттік өтінімдерді әзірлеу мәселелерімен алдағы уақытта Бюджеттік жоспарлау департаменті айналысады», - дейді ол. 

Министр вице-министрлер мен салалық департаменттері тек өз бағыттары бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастырумен, осы салалардағы қызметті құқықтық қамтамасыз етумен және үйлестірумен айналысатынын жеткізді. 

«Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет болып қайта құрылады. Демек комитеттің миссиясы мен міндеттері де өзгереді. Ендігі міндет - тәртіп бұзушылықты тексеру мен анықтау ғана емес, сонымен бірге әдістемелік көмек көрсету. Өйткені, мақсатымыз - тексеру емес, сондықтан комитет қандай сыныпта, қандай тақырып бойынша, қай жерде кемшін тұс, түйткіл бар екенін көрсетіп, осы мәселені шешу үшін егжей-тегжейлі ұсыныстар береді. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті қызметкерлерінің саны басқа бөлімшелердің жұмыскерлерінің есебінен артып, мектепке дейінгі және орта білім комитеті болып құрылады. Бұл ретте министрліктің жалпы штат саны артпайды, оның үстіне бос жұмыс орындары есебінен біраз қысқарту жоспарланып отыр», - дейді министр. 

Асхат Аймағамбетов министрлік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оқыту арқылы олардың әлеуетін күшейту жөнінде жеке бағдарлама бекітілетінін атап өтті. 

«Курстарға және магистратурада оқытуға жіберу жөніндегі мақсатты бағдарлама дайындалуда. Өзгерістер әдетте адамдарды жайлы орнынан қозғайтыны белгілі. Дегенмен, бизнес-үдерістері, лауазымдық нұсқаулықтар және әрбір бөлімше мен қызметкердің функционалы нақты айқындалып, негізгі басымдықтар мен міндеттердің дұрыс қойылуына, өз кезегінде жұмысымыздың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары