09.01.2020, 09:40

«Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын» - Тоқаев

Фото: sputniknews.kz
Осы орайда Қ. Тоқаев ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктеткенін атап өтті.

Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал», - делінген Мемлекет басшысы мақаласында. 

Осы орайда Қ. Тоқаев ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктеткенін атап өтті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. 

«Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін», - деді Президент. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл бағытта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің маңыздылығына тоқталды. 

«Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады. «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті қадағалап отырмын», - деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.