Бүгін мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға дайындық басталды. Бұл туралы кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте айтқан болатын, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жалпы, бұл қашықтан оқыту дегеннің мектеп тәжірибесінде бұрын-соңды болмағаны белгілі. Сондықтан министр дайындық жұмыстарын жүргізудің өте маңызды болып тұрғанын айтты.
«1 сәуірде ең алдымен сынақ-сабақтар ұйымдастырылады. Барлық мектептердегі мұғалімдеріміз оқушыларымен байланысқа шығып, қашықтан сынақ-сабақ береді.
Одан кейін бейсенбі, яғни 2 сәуір күні ата-аналар жиналысы болады. Аталған мәселеде ата-аналарға мұғалімдермен бірдей жүк түседі. Сондықтан біз оларға қашықтан оқыту жүйесіне қалай қосылу керек екенін және ол қалай жүргізілетінін түсіндіреміз», – деді ол.
Министрдің мәлімдеуінше, 3 сәуірде сынып сағаттары өткізіледі. Онда да сол қашықтан оқытудың жүзеге асыру форматтары мен проблемалары талқыланбақ.