$ 494.87  520.65  4.91

«Жұмағалиев жауап берсін!»: интернетсіз халық «Цифрлық Қазақстанның» қаржысы қайда кеткенін білгісі келеді

«2018-2022 жылдар аралығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына 141 миллиардтан астам теңге бөлінген болатын. Цифрландырудың жай-күйін қазір көріп отырмыз...
фото: baigenews.kz
фото: baigenews.kz

Президент жанындағы Ұлттық қауіпсіздік сенім кеңесінің мүшесі, белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына бөлінген қаржыны қалай жұмсағаны туралы есеп беруін сұрады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«2018-2022 жылдар аралығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына 141 миллиардтан астам теңге бөлінген болатын. Цифрландырудың жай-күйін қазір көріп отырмыз. «Сым бойында ақау көп», бәрі атүсті жасалғаны байқалып тұр. Цифрландыру министрі А. Жұмағалиев, сіз мемлекеттік ақша үшін қашан есеп бересіз? Халық ақшаның қайда кеткенін білгісі келеді» деп жазды ол facebook парақшасына.

Жалпы, саясаттанушының бұл айтып отырғаны – қалың бұқараның талабы. Еске сала кетсек, біз бұған дейін Қазақстандағы 1200 елді мекеннің көп тұрғынында интернет пен компьютер тұрмақ, теледидар да жоқ екенін жазған болатынбыз. Білім және ғылым министрлігінің ол мәселелерді балаларды қашықтан оқыту ісі қолға алынғанда бір-ақ білгендей дағдарып қалған жайы бар.

Енді Сайыров сұрау салған Асқар Жұмағалиевтің командасы не деп жауап бере алар екен? Шынымен де, елдегі 2 миллионнан астам оқушыны интернетпен толық қамтамасыз ете алмай отырған не деген «Цифрлық Қазақстан» ол?..

Айта берсе, ашынған халықтың сұрағы көп. Ал министр Жұмағалиевке аталған 141 миллиардтан астам теңгенің қай мақсатқа жұмсалғанын бүге-шігесіне дейін түсіндіретін кез келді. Хал-жағдайы белгілі болып қалған халық елді цифрландыра алмайтын Цифрлық даму министрлігіндегілердің не бітіріп отырғанын білсін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары