$ 524.58  551.91  4.93

Бүгін – қашықтан оқыту: «цифрлы» Қазақстанның 20 мың оқушысы тапсырманы конвертпен қабылдайды

Алыс ауылдар түгіл, кеше ғана аты мәшһүр ЭКСПО-ны өткізген астана мен ғылым мен техниканың ордасы саналатын Алматының түбіндегілердің өзі интернетке жарып отырған жоқ.
фото: profit.kz
фото: profit.kz

Бүгін, яғни 6 сәуірден бастап Қазақстанда мектеп оқушылары қашықтан оқи бастамақ. Қытайдан бастау алған коронавирус салдарынан елде карантин жарияланып, Білім және ғылым министрлігі амалсыз «қашықтан оқу» жүйесін енгізген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, The Qazaq Times-қа сілтеме жасап.

Бұған дейін түрлі аймақтардағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға алдын ала дайындалған. Осы дайындықтың нәтижесінде, отыз жылдық «жарқын болашағымыздың» кепілі саналған «цифрлы Қазақстан» ұранының «арты ашылып қалды».

Өткен жұма күнгі Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен «Қазпошта» басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов «цифрлы Қазақстанның» «цифрының жетпей қалған жерлері» үшін оқушыларды хат арқылы оқытпақ болып, меморандуға қол қойысқан. Тараптардың сөзіне сенсек, «цифрлы» елдегі сиқырлы мұғалім «Қазпошта» арқылы оқу материалдары мен оқушылардың тапсырмаларын уақытылы жеткізіп тұрмақ.

Ресми деректерге үңілсек, әлемді өрмекшінің торынан да жылдам торлаған әуе толқынының елімізде жетпей қалған жері көп екен. Соның салдарынан 20 мың оқушы тапсырманы конвертпен алып отырып оқымақ. Міне саған, «цифрлы Қазақстан»!

Алыс ауылдар түгіл, кеше ғана аты мәшһүр ЭКСПО-ны өткізген астана мен ғылым мен техниканың ордасы саналатын Алматының түбіндегілердің өзі интернетке жарып отырған жоқ. Осыған дейін де біраз «өркениет іргесіндегі өгейлер» интернет желісінің нашар немесе мүлдем жоқ екеніне шағымданған болатын. Соны қаперге алса керек, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев онлайын сабақтардың 30 минутқа дейін болатынын, қосымша кескінді сабақтар жергілікті телеарналар арқылы көрсетілетінін айтты.

Оның «2017 жылы еліміздегі интернетті пайдаланушылардың саны 78,8 пайызға жетті» дегені өтірік екенін көз көрді. Енді «2021 жылы тұрғындарының саны 50-ден асатын 6 мың ауылдық мекен интернетпен қамтылады. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі тапшылықты оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы іске қосылған» деген сөзінің ақырын күте тұрамыз.

Айта кетерлігі, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы жоғары оқу орындарының 30 пайызы қашықтан оқуға дайын деген болатын. Ал 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары мен колледждің қашықтан оқуға кіріскен студентерінің біразы ауыл маңындағы тау басы мен үй-үйдің төбесінде «цифрлы Қазақстанның» цифрсыз желісін қуып жүр. Ендігі кезек мектеп оқушыларында. Бүгіннен бастап олардың ата-аналары да жамбастап жатып алып айтатын әңгімелерді талай тақырыпқа өзек етер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары