Хакім Абайдың 175 жылдығына орай аймақ басылымдары Абай шығармаларын оқырманға насихаттап, мағыналы мақалаларды үздіксіз жариялап келеді. Осы орайда облыстың бас басылымы «Сыр бойы» газетінде жарыққа шыққан зерттеу мақалаларының орны бөлек, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай туындыларын күллі әлемге насихаттау туралы айтқан болатын. Абайдың 175 жылдығы елімізде ғана емес, өзімізбен рухани байланыстағы елдерде де аталып өтіп жатыр. Әлем таныған Абай жайлы танымдық мақалаларды шетелдік БАҚ-тар да жазып жүр. Ұлы ойшылдың ұлағатын қалың жұртқа жеткізуден аймағымыздың төл басылымы саналатын «Сыр бойы» газеті де кенде емес.
Газет тілшілері Сыр өңірінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген әрбір іс-шараның басы-қасында болып, оқырманға мазмұнды шаралар туралы қалам тартып жүр. Жергілікті мамандардың зерттеу мақалалары да газет беттерінде үздіксіз жарияланып келеді. Мәселен, «Абай туралы жазылған алғашқы мақала», «Абайды оқудың он себебі», «Әлем таныған Абай», «Абайдың ән әлемі», «Абайдың суреті», «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» деген тақырыптарда жарияланған көптеген мақалалар көзі қарақты оқырман үшін құнды жәдігер екені сөзсіз. Абай жайлы бүгінге дейін жазылды, әлі де жазыла береді», - дейді «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас.
Басылым беттерінде Абай әлемі жайлы жазылған мақалаларды тізбектесек, одан рухани тәлімнің жатқанын байқауға болады. Мәселен, «Тұлғалар тойы халыққа ортақ» деген атаумен жарияланған мақалада Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев Абайдың 175 жылдығын ғылыми-ағартушылық бағытта өткізу керектігін айтқан.
Мақалада өскелең ұрпаққа тарихи тұлғаларды ұлықтай отырып, халыққа пайдалы іс жасау арқылы тәрбие берілетіндігі туралы жазылған. Ал, Ғазиза Әбділданың «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты мақаласында хакім Абай туралы өте құнды мәліметтер берілген. Онда 1933 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен Қызылорда қаласында ақынның кітаптарының жарық көргендігі жайлы айтылады.
«Бұл кітаптарда ақынның бұған дейін Орынбор, Қазан қалаларында басылған шығармалары жаңартылған. Әлбетте, бұдан сол кезеңнің өзінде Абай шығармашылығына деген сұраныстың жоғары екенін аңғарамыз. Иә, сол отыз-қырық жастың арасында дүниетанымы бөлек ақын өзінің адамгершілік, гуманистік, қоғамдық, эстетикалық бағыттағы ізденістерін әлем ойшылдарының танымымен ұластырып, жалпы адамзаттық идеяларға жол таба білген. Халық даналығының күллі қадір-қасиетін бойына сіңіре отырып, қазақ поэзиясын жаңа биікке алып шықты» делінген мақалада.
Бүгінде елдегі төтенше жағдайға байланысты басылым электронды нұсқада шығарылуда. Руханият мәйегі болған Абай мұрасы туралы мақалаларды «Сыр бойы» газетінің сайты арқылы оқуға болады.