Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының мүшелері хакім Абайдың 175 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өткізуді қолға алған болатын, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгінде елдегі төтенше жағдайға байланысты клуб мүшелері әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, Абай туындыларын оқып келеді. Абай әлеміне қызығушылық танытып, өлеңдерін жатқа айтып жүрген клуб жетекшісі Елена Пак фейсбук желісі арқылы челлендж жүргізуді бастады. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алатын Елена желі оқырмандарына Абай Құнанбайұлының «Ем таба алмай» өлеңін оқып берді.
«Елімізде және күллі әлемде таралып жатқан індеттен сақтану үшін барлық іс-шаралар онлайн әдісіне көшіп жатыр. Біздің «Абай қазынасына саяхат» клубы да өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Клубымыз Абай өлеңдерін оқып, насихаттау мақсатында челлендж бастады», - дейді клубтың жетекші-үйлестірушісі Елена Пак.
Сондай-ақ, өңір жастары арасында «Абайды оқы, таңырқа» атты онлайн байқауы өтіп жатыр. Сыр оқушылары бұл байқауға белсене қатысып, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысуда.
№51 М.Қаратаев атындағы мектептің оқушысы Қасиет Ғабитқызы әлеуметтік желі арқылы Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңін оқып берсе, Айару Абдиш есімді өрен Абайдың өлеңдерімен бірге қара сөздерін оқып, достарына жолдады. Абай шығармаларын жарыса оқыған жеткіншектер бірінен соң бірі өлең оқып, желі мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді.