29.04.2020, 16:00

Алаяқтар желіде коронавирус туралы видео жіберіп, банк деректерін қолды қылуы мүмкін

фото: pixabay.com
Мұндай роликтерді алаяқтар жалған сайттар арқылы таратады.

Алаяқтар COVID-19 туралы жалған видеолар арқылы банк деректерін қолды қылуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz, Anti-Malware.ru сараптау орталығына сілтеме жасап. 

"Grandoreiro компаниясы коронавирус пандемиясы кезінде жұмысын қолға алды. Кибералаяқтар желі қолданушыларының қаржылық ақпараттарын қолды қылатын қауіпті бағдарламаны тарату үшін COVID-19-ды пайдаланып жатыр", - делінген хабарламада. 

Сараптама орталығының мәліметінше, бұған дейін Grandoreiro дәстүрлі тәсілмен жұмыс істеген: қауіпті спам-хабарламаларды таратып, Java не Flash бағдарламаларының жалған жаңартылған түрімен таратқан. 

Алайда енді алаяқтар SARS-CoV-2 туралы "құпия ақпарат" тарататын видеолар арқылы жасырын жұмыс істейді екен. Мұндай роликтерді алаяқтар жалған сайттар арқылы таратады. Видеоны қоспақ болған адамның компьютеріне бірден қауіпті бағдарлама жүктеледі.