Осылай деп ашынған премьер-министрдің орынбасары білім беру жүйесіндегі сөз жүзінде ғана шешіліп келе жатқан мәселелерді тізіп берді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Өңірлерде педагогтар әлі тапшы. 200-ден астам мектеп қирайын деп тұр. Оқулықтардың өңірлерге жеткізілуінен де кілтипан тапқан Ералы Тоғжанов сылбыр жұмыс істеген білім басқармаларының басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары жеке жауапқа тартылатынын ескертті.
«Бұл енді негізгі мәселелердің бірі. Бұл бүгін ғана көтеріліп жатқан жоқ қой. Бұған дейін талай рет айтылған мәселелер. Сондықтан осының бәрін ескеруіміз керек. 2200 мектептің дәретханасы далада. Екі жылға жуық уақыт өтті. Сонда қайда қарап отырмыз? Білім басқармаларының басшылары да, мектептің басшылары да, кеше облыс әкімінің орынбасарлары осы мәселеге қатысты жауап берді. «Барлығын 1-қыркүйекке дейін шешеміз» деген әңгіме естілді», - дейді Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Қыркүйекке дейін барлық балабақша мен мектептер бейнебақылау жүйесімен қамтылуы шарт. Сондай-ақ, білім беру жүйесіндегі қордаланған көп мәселенің шешілуін қамтамасыз ететін республикалық педагогикалық кеңес жасақталмақ. Бүгінгі тамыз кеңесінде педагог мәртебесі де сөз болды. Осы ретте Қазақстандағы педагогтардың құқығын қорғайтын арнайы кеңес құрылады. Соның негізінде ұстаздардың қағазбастылықтан арылып, негізінен білім берумен ғана айналысуы назарда болады. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалім күніне 2-ақ құжат толтыруы тиіс. Бұл норма бұзылған жағдайда, басшылық тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылады.