$ 494.87  520.65  4.91

Қашықтан оқыту: Атырау облысының 25 елді мекенінде әлі интернет жоқ

Қашықтан оқитын 82 мың оқушы білім бастауына қосылуы тиіс. Ендігі мәселе – интернетпен қамту. Орталық жүйеге қосылмаған ауылдарда жағдай көңіл көншітпейді.
фото: informburo.kz
фото: informburo.kz

Биыл Атырау облысы бойынша 196 мектепке 134 мыңнан астам оқушы баруға тиіс болатын. Қазір олардың 82 мыңы қашықтан оқиды. Бірақ, ата-аналар кейбір аймақтарда интернет жүйесінің әлісіздігі мен компьютерлердің жеткіліксіздігі салдарынан оқушылар толыққанды білім ала алмайды деп алаңдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Жаңа оқу жылына мұнайлы өңір айтарлықтай дайындықпен кірісті. Әсіресе, қашықтан оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Үйден білім алатын балаларға 15 200 компьютер берілді. Тамыз айындағы есеп бойынша, 16 мың 346 отбасында компьютер жоқтығы анықталған еді. Оларды оқу жүйесіне қосуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Осылайша, қашықтан оқитын 82 мың оқушы білім бастауына қосылуы тиіс. Ендігі мәселе – интернетпен қамту. Орталық жүйеге қосылмаған ауылдарда жағдай көңіл көншітпейді.

«Біздің өзімізде интернет жүйесі жоқ. Модем арқылы оқып жатырмыз. Модем арқылы интернет әлсіз, жылдамдығы аздау. Балалардың оқуына кедергі боп тұр. Олар оқып жатқан кезде желіден шығып кетеміз. Бірақ, соның өзінде қиындық тудырып тұр. Айына 6 мың теңге төлеп тұрмыз», - дейді Еркін қала ауылының тұрғыны Аслан Телемгенов.

Тілшілер аралап көрген мектеп-лицейде 400-ден астам оқушы бар. Оның 352-сі қашықтан оқиды. Мектеп әкімшілігі қолда бар 54 компьютерді таратып беріпті. Сұраныс болса, қалалық білім бөліміне тапсырыс беруге болады екен. Ендігі мәселе: интернет жүйесімен қамту. Жаңадан бой көтерген қала іргесіндегі ауылдарда ғаламтормен қамтитын компаниялардың жұмысы сын көтермейді. Салдарынан мыңдаған бала оқу жүйесіне қосыла алмай отыр.

«Әсіресе, қаланың өзінде 25 жаңадан бой көтерген елді мекен бар. Оның да мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Интернеті жоқ елді мекендерге оқитын балаларға 3 мыңның үстінде роултерге тапсырыс беріліп, қазір мектептерге таратылуда», - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.

Бүгінде Атырау облысы бойынша орта білім беретін барлық оқу орындары жұмыстарын бастап кетті. Ауылдық мектептерде дайындық ерте басталғандықтан, сабақ жүйелі жүруде. Тек Қызылқоға ауданында екі мектеп және қаладағы 25 елді мекендегі білім ордаларында интернет жүйесінің нашарлығы қол байлауда. Бұл проблема алдағы екі аптада шешімін табады деп сендірді білім басқармасындағылар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары