Қазақша қаріптер кіріктірілген пернетақта Алматының 100 мектебінде сынақтан өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
Информатика пәні сыныптарын қазақша қаріпті пернетақталармен жабдықтау 2014 жылдың ақпан айында басталған болатын. Ол уақыттан бері жоба авторларына көптеген пікірлер мен ұсыныстар білдіріліп жатты. «AdamSky» жобасының авторларының бірі Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Ерғали Адамбаев қазақша қаріпті пернетақта қолданушылар арасында жалпылама оң баға алды дейді.
Қолданушылардың 90 пайызы жағымды пікірлерде болса, қалған 10 пайызы пернетақтаның техникалық мәселесі жайына тоқталып, оның ыңғайсыздығын айтқан. Бірақ қазақша қаріпті пернетақта мектеп оқушыларына қай жағынан ыңғайсыздық келтіргенін жасақтаушылар әлі анықтамапты.
Ерғали Адамбаев бүгінгі күні өздерінің «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктен» қаржылай грант сұрағалы жатқандарын жеткізізді.
— Ол қаражат бізге қазақша қаріпті пернетақтаның маркетингі мен жарнамасы үшін қажет. Пернетақтаның келесі 10 мың партиясы бөлшек сатуға арналады. Ал оның бағасы 200 теңгеден аспайды, — деп айтты.