$ 494.87  520.65  4.91

«Астана медицина университеті» АҚ ұжымы ректордың жұмыстан кетуін талап етіп жатыр

Астана медициналық университетінің ұйымдастыру құрылымы 2020 жылы 3 рет: біріншісі - 14 шілдеде, екіншісі - 2 қазанда, үшіншісі - 2020 жылғы 15 желтоқсанда өзгерген.
Фото: kz.testing.kz
Фото: kz.testing.kz

Жақында «Астана медицина университеті» АҚ ұжымы ректор және Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдерге наразылық танытып, министр Алексей Цойдан көмек сұрады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бұл мәселені шешу үшін ЖОО басшылығы мен ұстаздар қауымын жиып, кездесу өткізді. Алайда, вице-министрдің талап-тілектері орындалмай, қудалау жалғасып жатыр.

Енді университет ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошановтан, Үкімет басшысы Асқар Маминнен, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен және Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннен көмек сұрады.

Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатта ЖОО-дағы ұстаздар мен профессорлар қауымы алдымен ректордың және одан кейін Директорлар кеңесінің төрағасы Б.Ж.Әбдірайымның дұрыс шешім қабылдамай отырғанын айтып шағымданды.

«2 жыл бойы ректорлық қызметте отырған Дайнюс Павалькистің қызметінен кетуін талап етеміз. Ұлты бөлек азамат емес, қазаққа жанашыр адамның келгенін қалаймыз. Директорлар кеңесі ректордың ұсынуымен дауыс береді. Бірақ ол кеңес құрамында да дәрігерлердің көп болғаны дұрыс деп санаймыз. Кеңес төрағасы Б.Ж. Әбдірайымның күштеп қайта құрылымдау туралы шешімі ақылға қонымсыз», - дейді олар.

Астана медициналық университетінің ұйымдастыру құрылымы 2020 жылы 3 рет: біріншісі - 14 шілдеде, екіншісі - 2 қазанда, үшіншісі - 2020 жылғы 15 желтоқсанда өзгерген.

«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай өзгерістер болды: білім беру процесін және студенттермен жұмысты ұйымдастыру департаменті тек 5 орталықтан тұрады (офис-регистратор, электронды университет, жастар ісі жөніндегі орталық, информатизация орталығы, білім беру технологияларын трансферттеу орталығы). Көріп отырғандарыңыздай, «Офис-регистратор» мен «Білім беру технологияларын трансферттеу орталығынан» басқасының оқу процесіне қатысы жоқ», - дейді ұстаздар.

Бекітілген құжатта мына орталықтардың қызметі тоқтатылған: «Оқу процесін жоспарлау және ұйымдастыру», «Білім алушыларды есепке алу орталығы», «Қабылдау комиссиясы», «Шетелдік студенттермен жұмысты ұйымдастыру орталығы».

«Ұжым екі жыл бойы ректор қызметіне тағайындалған, шетелдік профессор Д. Павалькистен көп үміттенді. Алайда, жоғары айлық (10 мың долларға жуық) ала отыра, ол ешқандай жетістік көрсете алмады: әкімшілік жұмысындағы ашықтық, университет дамуындағы импульс, стратегиялық серіктестік бойынша оң нәтиже жоқ», - дейді профессорлар қауымы.

Ұстаздар жаңа тәртіп бойынша орташа айлығы 200 мың теңге болатын талай қызметкердің жұмысынан айырылып жатқанын ашына айтты. Басшылық «қаражат жеткіліксіздігін» алға тартқанымен, айлығы 600 жүз мың теңге болатын жаңа орындар ашқан.

«Әкімшілік басқару қызметінде омбудсмен орны ашылды, штаттық режимде айлығы 600 мың тг деп белгіленді. Тәуекел менеджерінің айлығы негізсіз көбейтілді. 2021 жылы Директорлар кеңесінің қызметіне 19 млн 120 мың теңге бөлінген», - дейді ашынған ұстаздар.

Олар бірауыздан бұл өзгерістерге қарсы екенін білдіріп, мұндай әділетсіздіктің тоқтағанын қалайды. Директорлар кеңесі қабылдаған жаңа ережелерге дауыс берушілердің 99 пайызы қарсы (бұл 300-ге жуық адам) болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары