Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев аграрлық саланы кері тартатын факторларды атады. Депутаттың айтуынша, зерттеу жүргізуге берілетін мерзім өте қысқа және бөлінетін қаражат мөлшері аз.
Сенатор аграрлық саладағы ғылыми ізденістерді бюджеттің үш жылдық жоспарлау кезеңімен байланыстырмау керегін атап өтті.
«Ешбір елде ауыл шаруашылығындағы жаңа сұрыптар, технологиялар үш жыл ішінде жасалмайды. Сондықтан кеңестік одақ кезеңінде ғылыми зерттеулерге кем дегенде 5 жыл уақыт берілетін. Қазір біз өзіміздің ғылыми жобаларымызға шетелдік ғалымдарды тарта алмағандықтан, шетелдік технологиялардың трансфертін қамтамасыз ете алмай отырмыз. Себебі біздің серіктестеріміз 3 жыл мерзімде ауыл шаруашылығында маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігін түсінеді. Демек, аграрлық ғалымдарымызды біз өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Әрине, осыдан кейін өндірістің сұранысын өтей алмайтын, «шикі» ғылыми жобалар пайда болады», - деді депутат.
Сенатор 2020 жылғы жаһандық инновациялық индексте Қазақстанның Ресей, Беларусь, Армения және Монғолия елдерінен артта қалып, 77-орында екенін еске салды. Айтуынша, 2019 жылы Қазақстанда инновациялық өнім көлемі елдің ЖІӨ-нің 1,6%-ын құрады. Бұл көрсеткіш Ресеймен салыстырғанда 8 есе, ал технологиялық дамыған елдермен салыстырғанда 20-30 есе аз.
Ақылбек Күрішбаев көптеген реформаларға қарамастан, елімізде ғылым мен жоғары білім беруде жүйелі өзгерістер жүргізілмегенін айтты.
«Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұмыс істеу мазмұны емес, тек маңдайшасындағы жазуы өзгерді. Ал салалық министрліктер, тіпті басқа жолмен жүр. Олар өздеріне бағынышты университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтудың орнына олардың үстінен неше түрлі әкімшілік құрылымдарды ойлап табуда. Мұндай жүйе ешбір дамыған елде жоқ», - деді сенатор.
Сенат депутаты Білім және ғылым министрінен жоғарыда айтылған басым міндеттерге назар аударуын сұрады.