01.03.2021, 23:37

1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді

Фото: ашық дереккөз
Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің дәстүрлі немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттар санын анықтауды әр мектеп өзі шешеді.

1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің әлеуметттік желідегі парақшасында жарияланды.

«ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын 1 наурыздан бастап аралас форматта оқытуға рұқсат етілді», - делінген хабарламада.

Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің дәстүрлі немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттар санын анықтауды әр мектеп өзі шешеді.

«Оқушылар ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынаста болған жағдайда ата-анасының өтініші бойынша балаларды қашықтан оқытуға рұқсат етіледі», - делінген қаулыда.

Әлеуметтік желілерде қаулыға қатысты ата-аналардың шешімі қақ жарылды. Бірі қуанып жатса, екіншісін мектеп формасының жоқтығы үшін алаңдады. Осыны ескерген министрлік оқушыларға мектепке еркін формамен келуіне рұқсат етті.