08.06.2021, 16:20

«Алып қашпа әңгіме көп. Шындықты бәріміз білеміз» - Асхат Аймағамбетов

фото: baq.kz
Министр атап өткендей, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл - Білім және ғылым министрлігі, жалпы білім, ғылым саласы үшін өте маңызды.

AntikorLive жобасының тікелей эфирінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жайында айтып берді деп жазды BAQ.KZ.  Министр атап өткендей, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл - Білім және ғылым министрлігі, жалпы білім, ғылым саласы үшін өте маңызды.

Брифинг барысында министр мектеп мұғалімді жұмысқа алу үшін директорлар пара алады деп жиі қозғалатын мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

Әр түрлі алып-қашпа әңгімелер бар. Бұған келіссек те, келіспесек те, шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанын да білеміз. Сондықтан мұндай мәселелердің, тәуекелдердің бар екенін мойындау керек. Осындай мәселелерді білгеннен соң арнайы нормаға бастама жасап, Заңға енгіздік, - деді ол.

Министр заңға енгізілген норма туралы түсіндіріп өтті.

Бұған дейін жағдай қалай болды? Бұған дейін әр мектеп басшысы мұғалімді жұмысқа қабылдағанда өзі дербес шешім қабылдады. Директордың шешімді өзі шығаруы да тәуекел болып саналады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, мұғалімді жұмысқа қабылдағанда нақты критерийлері болуы қажет. Осы ретте аталған тәуекелдердің алдын алу үшін заңнамаға өзгеріс енгіздік. Енді мұғалімдерді жұмысқа директорлар қабылдамайды, олар конкурс арқылы жұмысқа орналасады, - деп атап өтті бас ұстаз. Министрдің айтуынша, егер бос орын болса, онда оған тиісті жарнама беріледі. Хабарламада жалақысы, міндеті, қойылатын талаптар туралы ақпарат жарияланады. Осы хабарлама аясында үміткерлер құжаттарын тапсырады.

Мұның барлығын электронды форматқа ауыстыруымыз қажет. Бұл ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сонымен қатар мұғалімнің өзіне тән қасиеттері, құзыреттілігіне, білімділігіне, біліктілігіне сәйкес комиссия шешім қабылдап, ашық түрде жария етеді, - деп түсіндірді Аймағамбетов. Мектепке ең мықты, білімді, білікті мұғалімдер келуі керек.

Осы норма «Білім туралы» Заңға енгізілді. Енді осы норманы іске асыру үшін министрліктің бұйрығын дайындап жатырмыз. 1-2 аптаның ішінде бұйрыққа қол қоямын. Қол қойылғаннан кейін бұйрық іске асырылады, - деді Білім саласы басшысы.