$ 494.87  520.65  4.91

«Мектеп директорларын 3 жыл сайын ауыстырып тұру керек» - Роза Сексенова

Айтуынша, енді алпыс жастағы отыз жылдық тәжірибесі бар мұғалім де сұранысқа ие бола алады.
фото: Stan.kz
фото: Stan.kz

Елімізде мектеп директорларын үш жылда бір рет ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларының ротациясы туралы айтып, халықаралық тәжірибе негізінде, шешім барлық оң және теріс жақтарын ескере отырып қабылданатынын айтқан еді. Бұл бастамаға қатысты орта білім беру ордаларының басшылары не дейді? Stan.kz мектеп директорларының пікірін білді.

Алматы қаласындағы Абай атындағы РММИ директоры Роза Сексенова мектеп директорларын 3 жыл сайын ауыстырудың артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып өтті.

"Мектеп директорларын 3 жыл сайын ауыстырудың тиімді тұсы — сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Дегенмен оның кемшін тұстарын да ескерген жөн. Біріншіден, 3 жыл сайын басшының ауысуы ұжымдағы психологиялық ахуалдың тұрақсыздығына алып келеді. Екіншіден, мектеп жұмысын жандандыруда 3 жыл аздық етеді. Себебі алғашқы жыл адаптация кезеңі десек, екі жылда қандай да бір стратегиялық жоспарды толық жүзеге асыру мүмкін емес.

Толыққанды нәтижеге қол жеткізу үшін кем дегенде 5 жыл уақыт керек екені белгілі. Бұл білім сапасының төмендеуіне алып келеді", - дейді мектеп басшысы.

Павлодар "Білім-инновация" мектеп-лицейінің директоры Уркимбаев Рахим Халилуллаевич мектеп директорларының орындарын ауыстырып отыру жақсы шешім екенін айтады. Жаңа басшы келген жеріне серпін ала келеді, деп есептейді.

""Білім-инновация" лицейлерінің тәжірибесінде бұл жүйе 30 жыл шамасында жүзеге асырылуда. Жаңа басшы жаңа жерінде жақсы жаңалықтар енгізуге басымдық береді. Мүмкіндігінше өз мерзімінде жақсы қырынан көрінуге, тиісінше көрсеткіштерін жоғары ұстауға тырысады.

Мен Кентау "Білім-инновация" лицейін 3 жыл басқардым, тамызда Павлодар "Білім-инновация" лицейіне ауысып келдім. Жалпы, 15 жыл ішінде 5 мекеме ауыстырдым", - дейді ол.

Айтуынша, 15 жылдық тәжірибесінде қызметпен барған барлық мектептерде тек жақсы әсер есінде қалған.

"Түрлі облыс, түрлі қала көріп, көптеген достар, ұжымдастар таптық. Түрлі өңірлерге ауысқанда отбасыммен бірге жүреміз. Қиындықтары жоқ емес, барғанда пәтер жалдау, балалардың мектеп ауыстыруы сияқты мәселелер бар", - дейді мектеп-лицей басшысы.

Рахим Халилуллаевич адам үйреніп қалған жерде адамның жұмысқа қарқыны азаяды, қателіктер пен кемшіліктерін аз көреді, дейді.

"Басшы ауысқанда, ешкімді нақты танымайды, барлығы жақсы жағынан көрінуге тырысады. Бір мекемеде тәжірибе жинау қиынырақ. Басқа қала, басқа облыстарда көрген жаңалықтарды барған мектепте жүзеге асыру оңайырақ. Мәселен, осы жылы лицейіміздің барлық көрсеткіштері өсті. Білім сапасы артты, олимпиада жеңімпаздары көбейеді, ҰБТ көрсеткіші жақсарды", - дейді ол.

Министрліктің хабарлауынша, елімізде 7500 мектеп директоры бар. Жобаның қабылдануы директорлардың барлығы бір күнде жұмыс орнын ауыстырады деген сөз емес, дейді. Қолға алынған жобаның мақсаты - жемқорлық қауіпін алдын алу болмақ.

"Open NРA" порталында мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау ережесінің жобасы ұсынылды. Мектеп директорларын үш жыл сайын аттестаттау және олардың қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау нәтижелері бойынша ауыстыру ұсынылады", - деген еді Асхат Аймағамбетов.

Айтуынша, енді алпыс жастағы отыз жылдық тәжірибесі бар мұғалім де сұранысқа ие бола алады. Кадрларды ауыстыру үлкен маңызға ие. Осы арқылы жүйе жеке мүдде үшін қолданылмауы керек.

Айта кетейік, министрлік ұсынған жоба бойынша, ротация жойылса, еңбек келісімшарты тағы 3 жылға ұзартылатыны айтылған. Бірақ екінші рет бас тартқан жағдайда білім беру ұйымының басшысы қызметінен босатылады. Осылайша, мектеп директорының ең ұзақ қызмет мерзімі 6 жыл болмақ. Ереже жобасында зейнетке шығуына үш жыл немесе одан аз уақыт қалған директорлар ротациядан босатылуы мүмкін екендігі айтылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары