Жаңа оқу жылында қазақстандық жоғары оқу орындары Ashyq жүйесіне қосылады. Бұл ақпаратты Білім және ғылым министрлігі мәлім етті деп жазады NEGE.
БҒМ мәліметі бойынша, Қазақстанда ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің 40 пайызға жуығы, сондай-ақ білім алушылардың 20 пайыздан астамы вакцина салдырған.
"Жоғары оқу орындарына оқу жылының басында Ashyq жүйесі толық енгізіледі", - деді министрлік өкілдері. Ведомство мәліметі бойынша, жоғары оқу орындары жаңа оқу жылына дайындық бойынша толық режимде, барлық ЖОО инфрақұрылым дайындығын тексеру, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді жасақтау бойынша бірінші дәрежелі шаралар кешенін аяқтаған.
"Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы еліміздің барлық жоғары оқу орны басшылығына осы бағытта жүйелі және кешенді негізде белсенді жұмыс жүргізуге және вакцина салдырған оқытушыларына, қызметкерлері мен студенттеріне ынталандыру шараларын өткізуге шақырды. Студенттерге айыппұл санкцияларын қолдану қазақстандық заңнамаға сәйкес алып тасталды. Оқу процесі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың толық сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, сабақ өткізу кезіндегі әлеуметтік арақашықтықты ескеріп ұйымдастырылады", - делінген БҒМ хабарламасында.