$ 447.4  477.55  4.76

Ақтауда жас дарындар робот жасап жарысты

Робот техникаларын құрастырудан өткен жарысқа Маңғыстау өңірінің мектептері мен лицейлерінен келген 16 команда қатысты. Жарыстың өзі болса үш санат бойынша өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық баспасөз орталығы хабарлап отыр.

Ұйымдастырушылар жарыстың өте тартысты өткенін айтады. Робот жасау ісін меңгерген жас өрендер болашақта Қазақстанның технология саласын өркендетіп, әлемдегі ірі державалардың біріне айналдыратынына сенім басым дейді олар. Ал, жарыс қорытындысына сәйкес, негізгі санат, яғни мықтылардың санатында Жаңаөзендегі қазақ-түрік лицейінің оқушылары Азамат Дүйсембаев пен Арман Силан жеңімпаз атанды.

Екінші, яғни шығармашылық санатында Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері Жансырым Маратұлы мен Радион Игнатов, Абылайхан Нұралиев пен Есет Сидешовтерден құралған команда топ жарды.

Ал, футболшы-роботтар деп аталатын үшінші санатта дәл сол Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір командасы алдына жан салған жоқ. Жәңгір Махмұт пен Арман Жұмахан есімді жас таланттардың құрастырған роботтары футбол алаңында қарсылас шақ келтірген жоқ.

Енді жеңімпаз командалар робот жасаудан республикалық жарыста Маңғыстау намысын қорғайтын болады.

- Жарыстың негізгі мақсаты – ғылым мен тхника саласында оқып жүрген жастардың назарын аудару, ғылыми-техникалық шығармашылық саласын дамыту, оқушыларды робот техникаларын жасау бағытына қызықтыру және осы саладағы мұғалімдердің тәжірибесін арттыру болып табылады. бұл жарыс мұғалімдер үшін де, олардың шәкірттері үшін де сын сағаты болды. Олар сол сыннан өте алды, - дейді жарысқа төрелік еткен Әлқуат Қазиев.

Айта кетейік, жарысқа 10 мен 19 жас аралығындағы мектеп және лицей оқушылары қатысты. Олар өздерінің жобаларын тек ағылшын тілінде таныстырған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық жарыстан кейін робот жасаушылар арсында ұлттық құрама жасақталады. Яғни, бұл команда халықаралық ірі жарыстарда ел намысын қорғайтын болады. Атап айтқанда, биыл қараша айының 25-27 күндері аралығында Үндістан астанасы Нью-Делтде өтетін World Robot Olympiad жарысына қазақстандық өрендер де қатысады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары