13.10.2016, 06:53

Сарапшылар климаттың өзгеруіне бейімделу жолдарын ұсынды

Қазіргі кезде климаттың өзгеруі жаһандық мәселе болып отыр. Аталған тақырып аясында әлемдік деңгейдегі ұйымдар мен ғалымдар түрлі шаралар өткізіп, осы мәселені шешудің сан жолдарын ұсынуда. Осы бағытта БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы Астанада семинар өткізді. Шара барысында өзекті мәселелер қозғалып, біршама баяндамалар тыңдалды.

Семинардың ашылу сәтінде сөз алған БҰҰ Даму бағдарламасының менеджері Сәулет Сәкенов сарапшыларды күн тәртібімен таныстырып, климаттың өзгеруіне байланысты ел ішінде орын алып жатқан біршама жайтты айтып, қатысушыларды өзара таныстыра кетті. Семинар барысында жүз жылдықтың соңына дейінгі Қазақстандағы ауа-райының өзгеруі, еліміздегі климат өзгерісінің келешектегі кескіні, мал шаруашылығы саласындағы бейімделудің басты бағыттары, оқыс гидрометеорологиялық жайттардың климатымызға нақты әсері, климат өзгерісі жағдайында космосты бақылап, бейімделу тақырыптары қозғалып, баяндамалар жасалды.

Қазақстан қазіргі кезде ауа-райы өзгерістерінің түрлі зардаптарын тартып келеді. Атап айтсақ, елімізде жоғары температурадағы күндер көбейіп, күшті жел тұратын сәттер жиі тіркеліп келеді.Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2003-2015 жылдар аралығында еліміздегі жауын-шашын мөлшері 2,5 есеге, ал қыс айларындағы жауатын қар мөлшері 2,7 есеге артқан. Мұндай жағдайларда қысы жайлы, жылы климатқа үйреніп қалған оңтүстік аймақтар қатты зардап шегіп жатады. Қар қатты жауып, боран соққан кездерде тиісті техникалар мен қажетті құралдар керек жерлеріне жете алмай, таулы ауылдың тұрғындары климаттың тосын мінезінің тұтқынына еріксіз айналатыны жасырын емес.Климаттың мұндай тосын мінез көрсетуінің соңы төтенше жағдайларға әкеліп соғады.

Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, 1980 жылдан бастап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С көтерілген. Мұхиттардан шалғай жатқан біздің елге мұндай жағдайдың бірден әсер етері сөзсіз. Қазақстанға Ауғанстан, Иран арқылы қалыптасатын, қысымы өте жоғары, ыстық және құрғақ антициклон өтіп, жаз бойы сақталып тұрады. Ал, солтүстігіміздегі Сібірден келетін ылғалды салқын ауа жоғары қысымды антициклонды бұзып өте алмай тоқтап қалады. Осының салдарынан елімізде қуаңшылық болып тұрады. Осы бағытта география институтынан келген мамандар климат өзгерген жағдайда ауылшаруашылығының әлсіз тұстарын бағалау тақырыбында өзекті мәселені көтерді.

Сонымен қатар, климаттың өзгеруінен жылуэнергетикасы мен инженерлік желілердің жұмысына да кедергілер келіп, жол-көлік апаттарының артуына да айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, биылғы жылдың сәуір-шілде айларында Алматы қаласында 10 рет болған нөсер жауын

салдарынан, көлік қозғалысы қиындап, оның арты бұршаққа ұласып, тұрғындарды әжептеуір әбігерге салған. Бұл бір ғана тосын құбылыс емес, 2011 жылы жауған жаңбырдан соң, Кіші Алматы шатқалындағы оңдаған мың ағаштар зардап шеккен еді. «Қазгидромет» кәсіпорнының сала мамандары «Қазіргі кездегі су ресурстарының жағдайы» климат өзгерген жағдайда ҚР су шаруашылығы саласын бейімдеу мәселелері деген тақырыпта баяндама жасап, су шаруашылығы саласына қатысты біршама өзекті жайттарды тізбектеп шықты.

Ауа-райының мұндай күрт өзгеруі атмосферадағы оңтүстік және оңтүстік-батыс тараптан келетін жылу массаларының орта деңгейдегі салқын ауа массасымен соқтығысуынан туындайды. Мұндай жағдайлар, Қазақстанның ауа қабатындағы циркуляциялық үрдістерді қосымша зерттеуді талап етіп отыр. Еліміздегі соңғы жылдары орын алған түрлі су тасқындары мен ауа-райының тосын мінез көрсетуі – осылардың алдын алып, ұмтылмаудың айқын бір дәлелі. Құрылыс, ауылшаруашылық және транспорт саласындағы жұмыстарды жоспарлағанда осы климаттық өзгерістерді ескерген жөн. Қостанай ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтының өкілдері Агроиндустрия және ауылшаруашылық саласындағы бейімделудің басты бағыттары жайлы баяндама жасады. Астықты өңірдің өкілі көтеріп отырған тақырыптың ауқымы кең екені анық. Аграрлы-индустриялық саясатты ұстанған біздің ел ғалымдарының мұндай зерттеулері климаттың өзгеруі жағдайында біршама көмек болары сөзсіз.

Сарапшылардың айтуынша, ауадағы жоғары температура салдарынан болашақта күн мен ыстық өтіп, суға кетіп, өмірден озатын адамдар саны артуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірінші болып, балалар, үлкен адамдар және әлеуметтік аз қамтылған адамдар тобы қатты зардап шегеді. Себебі – үйлеріне желдеткіш орнатып, тиісті медициналық көмекке жүгініп, уақытылы демалу үшін де қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болу қажеттігі белгілі. Егер қазірден бастап климаттық өзгерістерге бейімделмесек, жүрек-қан тамырлары аурулары артып, түрлі табиғи апаттардан қаза табатын адамдар саны арта бермек. Аталған семинарға өкілдерін жіберген «Қазгидромет» мекемесі жыл сайын еліміздегі гидрометеорологиялық ахуал туралы мәліметтерді тұрақты түрде жариялап келеді. Табиғаттың тосын мінезіне әзір болу үшін осы мекеменің мәліметтеріне сүйеніп отырған артық болмайды. Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде 4 мыңға жуық табиғи тосын оқиғалар тіркелген. Демек, әр жылға 150-ге жуық оқиғадан келіп отыр.

Сондықтан қазіргі кезде климаттың өзгеруіне бейімделіп, алдын алған жағдайда азаматтардың өміріне төнетін қауіпті сәттер азайып, ел экономикасына да айтарлықтай шығын келмейді. Бірақ қол қусырып отырмыз деп те айтуға келмейді. Қазақстан Республикасы климаттың өзгеруін жеңілдету шеңберінде БҰҰ РКИК қосылды, Киото хаттамасын ратификациялады және Доха келісіміне қол қойды. ТМД кеңістігіндегі елдердің арасында алғаш рет жаңа технологияларды енгізуге, төмен

көміртекті экономиканы дамыту және қоршаған ортаға түсетін күшті азайтуға көмектесетін шығарындыларды саудасы жүйесін әзірлеп, енгізді.

Климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді міндетті түрде ескеріп, алдын-алуды мақсат тұтқан семинарға қатысушы кәсіби мамандар алдағы уақыттарда осындай шараларды көптеп өткізуді қолға алмақ болып, семинар жұмысын қорытындылады. Мұндай жиындардың қордаланған мәселелерді шешуде алатын орны айрықша. Себебі – халықаралық ұйым тарапынан көтерілген мәселелер аяқсыз қалмасы анық.

Семинарды өткізуге бастамашы болған, БҰҰ Даму бағдарламасының негізгі мақсаты — әлем елдеріне неғұрлым ұтымды экономика құруларына және табиғи ресурстарды оңтайлы пайдалануларына жәрдемдесу. Басты қызметі — табиғи ресурстарды зерттеу, қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыру үшін жергілікті жерлерде оқу орындарын және материалдық-техникалық база құру.

Олжас УӘЛИХАН