Биыл елімізде 300 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады, деп хабарлайды Skifnews.kz ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент мамандары мәлімдегендей, 2014-2015 оқу жылының басында бірінші сыныпқа баратын оқушылардың болжанып отырған контингенті 277 575 баланы құрайды.
Еске сала кетсек, былтыр елімізде 260 мың бала мектепке тұңғыш рет барған еді. Департаменттің мәліметінше, республикада барлығы 7649 мектеп бар, оның 7307-і - жалпы білім беретін күндізгі мектеп. Мектептердің үштен екісі - 3796 мектеп қазақ тілінде, 1349-ы орыс тілінде оқытады.
Министрлік мамандарының мәліметінше, 2014 жылдың 1 қыркүйегінде елімізде 68 жаңа мектеп ашылады. Шығыс Қазақстан облысында 18, Оңтүстік Қазақстан облысында 17, Астана қаласы мен Қызылорда облысында алты, Атырау облысында тоғыз мектеп пайдалануға беріледі.
2015 жылы «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға ата-аналардың ықпал етуін бағалау» атты зерттеу жүргізілгелі отыр, оның бір бөлімі бірыңғай мектеп формасын енгізу мәселесіне арналады.