Қоғам 19.04.2017 сағат 05:38  1074

Павлодарда шұңқырға құлап кеткен 4 жасар бала 3 күн бойы ас-сусыз отырған

Павлодарда 4 жасар Артур есімді бала тереңдігі 2 метр болатын шұңқырға түсіп кетіп, 3 күн бойы шыға алмай отырған. Ойын баласы үйінен ұзап кетіп, адасып қалған екен. Оның араққа тойып алған анасы болса полицейлерге әлі толыққанды жауап бере алмай отыр.

"Кішкентай бала 16 сәуір күні үйінен шығып, адасып қалған. Оның жоғалып кеткенін 18 сәуір күні кешкі сағат 21:00-де анасымен бірге тұратын азамат полицияға хабарлады. Әйелдің өзі болса спирттік ішімдікке мас болғандықтан тәртіп сақшыларына мардымды жауап бере алмаған. Баланы іздеуге 300-дей полицей мен әскерилер жұмылдырылды. Бүгін таңертеңгі сағат 8:30-да Артур әскери-техникалық мектептің аумағындағы шұңқырдың ішінен табылды. Тірі. Қатты ашыққан және әбден шөлдеген", - дейді Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.

Кішкентай балаға сол жерде медициналық көмек көрсетілген. Ол ауыр зардап шекпепті. Денсаулығын толық тексеру үшін қазір облыстық балалар ауруханасына жеткізіліпті.

18 сәуір күні Артур 4 жасқа толған екен. Қазір оның анасын полицейлер тергеуге алды.

Соңғы жаңалықтар