Қоғам 24.04.2017 сағат 04:42  1770

Қостанай облысында суға кеткен ауыл тұрғындарының жергілікті билік "аузын жауып" келген

Бұл туралы Зеленовка ауылының тұрғындары "Наша газета" басылымының тілшілеріне берген сұхбатында айтты. Судан зардап шеккен халықтың сөзіне сенсек, жергілікті билік өкілдері ауылдағы табиғи апат туралы ешкімге, әсіресе журналистерге айтпауды талап етіп келіпті. Алайда, бүкіл мал-мүлкінен айрылған ауылдықтар енді ешкімнен қорықпаймыз деп отыр.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қарасу ауданына қарасты Зеленовка ауылын тасқын су екі рет шайып кетті. Алдымен 15-17 сәуір аралығында тұрғындарды әбігерге бір салса, 18-19 сәуір күндері аралығында жаңа күшпен елдімекенді тағы бір шайып өткен. Тұрғындардың айтуынша, табиғи апаттан келген зауал орасан. Алайда, "жоғары жақтан" бұл туралы ешкімге тіс жармаңдар деген тапсырма келіпті.

Ауыл тұрғындары барлығы 43 үйдің су астына кеткенін өздері санап шықты. Оның бесеуі қалпына келтіруге мүлдем жарамайды. Қазір елдімекеннен су кеткен. Бірақ, тұрғындар аула мен жолдағы лайды тазалай алмай әлек.

"Біздің өзімізді кінәлі етіп отыр. Малды алдын ала қауіпсіз жерге шығармадыңдар дейді. 15 сәуір күні су келуіне үш сағат уақыт қалған кезде ғана бізге ескертті. Бірақ, судың мұндай деңгейде көтерілетінін ешкім айтқан жоқ. Бұрын-соңды бізде мұндай болмаған. Су менің үйімнің терезесінен асты. Қабырға құлады. Мал түгел қырылды, жинап қойған шөптің бәрі ағып кетті. 13 торайым мен бұзаулы сиырым суға кетті. Ветеринарлық дәрігер келіп, малдарға ен салынбаған, сондықтан шығынды өтемейтінін ескертті. Сиырымыз өзі кеше ғана бұзаулады, торайлар да жақында туған. Ветеринарлық дәрігер ауылға жылына бір-ақ рет келетін болса біз оларға қалай ен салып, құжатқа тіркейміз?", - дейді Андрей Максимов есімді Зеленовка ауылының тұрғыны.

Оның үйі енді жөндеуге келмейді. Андрей ескі ғимаратты толықтай бұзып, кірпіштерінен қора салмақшы.

"Мен апаттан кейін болған жайттың бәрін камераға түсіріп, видеоны интернетке жүктедім. Бірақ, бірнеше уақыт өткеннен кейін видеоматериалды бұғаттап тастапты. Билік тұрғындарды қорқытып жатыр. Ауыл әкімінің өзі келіп, ешкімге хабарласпауымызды, ешқайда жазбауымызды талап етіп кетті. Мен енді ешкімнен қорықпаймын, жиғанымның бәрінен айрылдым", - дейді А.Максимов.

Андрейдің бауыры Иван Максимовтің де үйі жартылай қирап қалған. Балаларын ол Лисаковск қаласына апарып тастапты. Енді қираған үйін өзі жөндеуге кірісіп кеткен.

"Биліктен сол күйі қайыр болмады. Қостанайлықтар көмектесіп, құтқарып қалды. Олар бізге гуманитарлық көмек жеткізіп берді. Оған дейін ішерге су таппай қалған едік. Соның өзін көп көрді ме, көмекті ұйымдастырып жүрген адамды прокурорлар қорқытып, ауылға келмеуін талап етіпті", - дейді Иван Максимов.

Жалпы, елдімекенде табиғи апаттан зардап шекпей аман қалғандар жоқ. Тұрғындардың бірі үйінен, екіншісі малынан, үшіншісі дүние-мүлкінен айрылған.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар