Қоғам 03.05.2017 сағат 10:40  1762

Алматыда ер азамат полицейдің жағынан ұрды (ВИДЕО)

Алматыда полиция қызметкеріне күш қолданы фактісі орын алды. Орта жастағы ер азамат тәртіп сақшысына тосыннан шабуыл жасап, оның жағынан жұдырықпен ұрған. Мұнан кейін оны екінші полицей мен тағы бір ер азамат ажыратып алды.

Бұл оқиғаны сол маңдағы куәгерлердің бірі видеокамераға түсіріп алған. Видео кадрларынан ер адамның полицейге жақындап келіп, шірене соққы жасағаны көрінеді. Алайда тәртіп сақшысы қарап тұрмай, оған қайтара жұдырықпен соққы жасайды. Кейін ер адам "Кім сені ұрды?" деп сұрайды. Осыдан кейін полицейлер жүргізушіні ұстайды.

Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл оқиға 1 мамырда, дүйсенбіде болған.

"Оқиға таңғы 5.50-де болды. Полицейлер Бостандық ауданында қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген. Жароков көшесінде экипаж сұр түсті Toyota Camry маркалы көлікті байқайды. Көлік осы көшемен солтүстікке қарай жүріп бара жатқан. Шектен тыс жылдамдық асырған. Сосын полицейлер көлікті тоқтатқан. Алайда жүргізуші жасырынбақ болған. Жол полицейлері көлікті Жароков-Шевченко қиылысына дейін қуып барды. Жүргізуші осы жерде тоқтап тұрған Mitsubishi Montero көлігін соққан. Сәйкесінше, полицейлер оны ұстауға тырысты. Бірақ жүргізуші ашуға булығып, былапыт сөз айтып, қарсыласқан", - деді Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жүргізуші полицейді жұмыстан шығартамын деп қорқытып, "байланысы бар" екенін айтумен болған. Сөйтіп, жүргізуші полицейге шабуыл жасаған.

Мұнымен қатар, жүргізушінің аты-жөні анықталды. Ол 1986 жылғы, Алматы тұрғыны екен. Кейін ол кісен салынып, наркологиялық диспансерге жеткізілген. Алайда ашуы қайтпаған жүргізуші куәландырудан өтуден бас тартып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Ал Алмалы аудандық ІІБ-де оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл - "Билік өкiлiне қатысты күш қолдану" бабы.

Айта кетейік, бұл бап бойынша, ер адамның кінәсі дәлелденсе екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қазіргі уақытта, Салтанат Әзірбектің айтуынша, ер адамға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалып жатыр екен.

Дереккөз: Tengrinews.kz

Соңғы жаңалықтар