Қоғам 12.05.2017 сағат 03:33  926

Алматыда мамандар экстремизмге қарсы тұру механизмдерін талқылады

Алматыда қалалық әкімдіктің мұрындық болуымен діни экстремизм мен терроризмге идеологиялық қарсы тұру жұмысын ұйымдастыру мәселесі бойынша арнайы жиын өтті.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Оған Дін істері жөніндегі басқармасы өкілдері мен Алматы қаласы ІІД Діни экстремизге қарсы күрес басқармасы, прокуратура қызметкерлері, қалалық және аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен теологтар, дінтанушы мамандар қатысып, ортақ мәселе – экстремизммен ұтымды күресу жолдары мен механизмдерін талқылады.

Жиын кезінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы «Алдын ала болжау жасау қиын. Десек те, соңғы болған жағдайлар барлық ұйымдардың жұмысын жіті қадағалаудың қажеттілігін көрсетіп берді. Жан-жағымыздағы елдер жанама болса да ықпалын тигізіп жатыр. Сондықтан, экстремизм мәселесінде алдын алу шараларын жүргізудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Ол туралы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы тапсырма берді. Мұны әкімдік қызметкерлері бір өзі орындай алмайды, сондықтан, сіздердің көмектеріңіз керек» деп, мамандарды белсенді болуға шақырды.

Алдағы уақытта экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық-түсіндіру тобы құрылмақ. Оның құрамында танымал тұлғалар мен жастар үлгі тұтатын спортшылар мен өнер адамдары да болады. Ол туралы Алматы қаласы Дін істері бойынша «Талдау және сараптау орталығы» басқармасының жетекшісі Бейбіт Тұрабаев: «Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы гуманизмге негізделеді. Теологтармен, елге танымал адамдармен бірге жұмыс істелінеді. Айта кетерлігі, белгілі бір топтың сойылын соқпаймыз. Жалпы жоспар бойынша алдағы уақытта 500-дей шара ұйымдастырылады. Оның 200-і студенттер мен қызметкерлерге дәріс, 200-і аудандық әкімдіктермен бірге арнайы жиындар, 20-сы семинар, 50-і түрмеде отырған, діни сауаты төмен жандарға түсіндіру-ағарту сабақтары ретінде белгіленді», - деді.

Қазір қала бойынша 48 ислам, 16 православтық ұйым бар. Католиктік, протестандық және өзге де бірлестіктер саны 100-ден асады. 130-дай шетелдік миссионерлік ұйым тіркелген.

Сонымен қатар, Алматының әуежайында құқық қорғаушылар 21 сәуір күні терроризмге қарсы дайындықтарын да пысықтады. Ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары лаңкестік қауіп бола қалған жағдайда қандай шаралар қолданатынын көрсетіп, ЭКСПО көрмесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатындарына көз жеткізді.

Айта кетейік, соңғы бір жылдан бері Алматымен бірге еліміздің өзге де өңірлерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, діни экстремизмге қарсы іс-шаралар жиі өткізіліп келеді. Оған себеп - осыдан бір жылдай уақыт бұрын Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалар. Оңтүстік Астанада 2016 жылдың 18 шілдесінде болған терактінің салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы бірнешеуі жараланған болатын. Ол кезде салафизм ағымын ұстанушы Руслан Күлекбаев полицейлерге жалғыз шабуыл жасап, қаланың қақ ортасында ойран салғаны әлі есте. Сол күні ұсталған лаңкес бүгінде өлім жазасына кесіліп, түрмеде қамалды.

Г.Сатыбалдықызы

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар