Қоғам 12.05.2017 сағат 06:17  598

Павлодарда араққа тойған әйел балаларын жоғалтып, полицияға арызданған

Павлодарлық 40 жастағы әйел араққа сылқия тойып, екі баласын қайда тастап кеткенін ұмытып қалған. Есін жия ол дереу полицияға арызданыпты. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Әйелдің айтуынша, оның 9 және 11 жастағы екі баласы үйдің ауласында ойнап жүрген. Түнгі 22:00 шамасында ол жақын орналасқан дүкенге барып келгенінде балаларын таппай қалыпты.

Жеткіншектерді іздеуге полицейлердің барлық жасағы жұмылдырылды. Келесі күні белгілі болғандай, кешқұрым араққа сылқия тойған әйел көшеде кездескен адамдардың әрбіріне барып, балаларын үйіне уақытша жатқыза тұруын сұраған екен. Әйелдердің бірі келісіп, екі баланы өз үйіне апарған. Полицейлер келгенде олардың ұйықтап жатқаны анықталды.

Ішкіш ана балаларын үйіне алып кеткен әйелді танымайтын болып шықты. Тәртіп сақшылары екі жеткіншекті анасынан алып, уақытша оңалту орталығына жіберген. Ал, балаларын жоғалтып алған әйелдің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Енді оны аналық құқығынан айыруы мүмкін. Өйткені, биыл наурыз айында ғана жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия бұл әйелге оңалуға соңғы рет мүмкіндік беріп, балаларын өзінде қалдырған екен. Ішкіш ана бұған дейін де мас болып, балаларын бірнеше рет қараусыз қалдырып кеткен.

Соңғы жаңалықтар