Қоғам 25.05.2017 сағат 05:27  519

Қызылордалық түлектердің 98 пайызы ҰБТ-ны қазақша тапсырады

Ұлттық біріңғай тест тапсыратын қызылордалық түлектердің 98 пайызы қазақ тілін таңдаған деп жазады Қазақпарат. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Қызылорда облысына жасаған сапары барысында айтылды.

Осы сапар барысында министр білім саласының қызметкерлерімен және өңірдің ғалымдарымен кездескен болатын. Жиында негізінен білім беру саласына енгізіліп жатқан реформалар талқыланды. Министр үштілділік, оның ішінде мемлекеттік тіл жайына тоқталды. Оның айтуынша, биыл ҰБТ-ны қазақстандық түлектердің 80 пайызы, сырбойылық бітірушілердің 98 пайызы қазақ тілінде тапсыруға ниетті. Министрлік орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізделген, коммуникативті әдіске сүйенген деңгейлі бағдарламасын әзірледі. Бұл әдістеме биыл жекелеген мектептерде пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгізіледі. Қазақстанда бірінші рет ауызекі сөйлеуді дамытуға арналған жиілік сөздік шығарылды. Мұнда бұрынғыдай оқып, мәтін аудару деген болмайды.

Ағылшын тілін білу - заман талабы. Биыл ағылшын тілінде сабақ беретін 5 000 мұғалімді 9 айға дейін тереңдетілген курстарда оқыту жоспарланған болатын. Оның орнына физика, химия, IT және биология пәндерінен сабақ беретін 12 000 адам жазылып, қосымша қаржыландыру мәселесі шешілді. Келесі жылы тағы 12 000 мұғалім білімін шыңдайды. Пәндерді ағылшын тілінде оқу ерікті түрде жүреді, ол үшін ата-ананың жазбаша рұқсаты керек.

Сағадиев осы жылы көп сұрақтың жауабы табылатынын, атап айтқанда, дайындық уақыты, оқыту сапасы, мұғалімдер мен балалардың дайындығы сынды мәселелер шешілетінін айтты. Өйткені аталған жұмыстың қорытындысына сай жоғарғы сыныпта 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту кестесіне көшу 2018 жылдың аяғында аяқталады.

Соңғы жаңалықтар