Қоғам   24.05.2017   сағат   12:11     431

25 жылдыққа - 25 мың шақырым

Алматы облысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы құрметіне 25 мың шақырым қашықтықты құрайтын марафон өткізіледі деп жазады «Айқын» газеті.

25 жылдыққа - 25 мың шақырым

Сәрсенбі күні Талдықорғанда Қа­зақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Туған жерге туыңды тік» атты марафон бастау алды. Жетісу өңірінің барлық елдімекендерін қамтитын аса ауқымды акцияны ұйымдастырушылардың жос­пары бойынша марафонға облыстың барлық аймақтарынан іріктеліп алынған 200 спортшы қатысады және 25 мың ша­қырымды жүгіріп өтеді. Алматы облысы жастарының жарқын баста­масын қолдауға Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков арнайы келді.

«Біздің Елтаңба еліміздің жаратылысы мен табиғатын, халқымыздың дәстүр­лерін, тарихы мен болашағын бейне­лейді. Сіздердің осынау аса мәртебелі әрі рухты шараға арнайы шақырған­дарыңызға шын жүректен алғысымды жеткізгім келеді. Біздің Елтаңба – Қазақстанды жаңғыр­тудың жарқын белгісі, еліміздің арманы мен мақсатқа деген ұмтылысы айғақтайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев өзінің бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыруың аса қажеттілігі мен өзек­тілігін айрықша атап өтті. Елтаң­бадағы жұлдыз – бізді сол мақсаттарға бастар жарқын жол. Мақсатымыз сол жолдан таймау және әрдайым алға басу» деді журна­листермен жүздесуінде ел мо­йындаған Елтаңбаның авторы.

Облыс басшылығы атынан Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз алып, жетісулық жастардың Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері авторларының бірімен, аты аңызға айналған азаматпен кездесу бақытына ие болғанын айта келе, тәуелсіз Қазақстан тарихына есімі алтын әріп­термен ойылып жазылатын тұлға­лардың бірі болып саналатын құрметті қонақ Жандарбек Мәлібековтің иығына қазақы дәстүрге сай шапан жапты.

Салтанатты шараға жиналғандар алыс қашықтыққа алғашқылар қата­рында шығатын марафонға қатысу­шыларға құрмет көрсетті. Сынағы мол сапарға аттанғандар атынан ойын ортаға салған ережесіз жекпе-жектен әлемді мойын­датқан атақты спортшы Бейбіт Назаров марафонның туын бірінші ұстау құрметінің өзіне бұйырғанына шын жүректен ризашылығын білдірді. Мұнан кейін Елтаңба авторы Жандарбек Мәлі­беков марафоншыға Қазақстан Рес­публикасының көк туын ұстатты.

Алматы облыстық Ішкі саясат бас­қар­масының басшысы Рустам Алпыс­баев айрықша атап өткендей, Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай облыста 20 мыңнан астам адамды қамти отырып, әртүрлі 55 шара өткізу жоспарланыпты. Басты салтанат 4 маусым – Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік рәміздері күні болады. Дәл сол күні 25 жылдыққа ар­нал­ған 25 мың шақырымдық мара­фонның да нүктесі қойылады.

Соңғы жаңалықтар