Қоғам 07.06.2017 сағат 06:17  977

Талдықорғанда мектеп оқушылары жемқорлыққа қарсы бейнероликтер әзірлеп, суреттер салды

Талдықорғанда мектеп оқушылары арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбындағы үздік бейнероликтер, суреттер және инсталляциялар байқауы мәресіне жетті. Бірнеше айға созылған іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы олысы бойынша депратаменті ұйымдастырып отыр.

Байқаудың басты мақсаты – елімізде жүзеге асып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дәріптеп, қазіргі қоғамдағы жемқорлыққа қарсы іс-әрекетке жастардың назарын аудару.

Алматы облысының мыңнан астам балалары мен студенттері қатысқан жарысқа 50-ден аса бейнеролик және 200-ден аса сурет жіберілген.

Ақтық жиында қонақтары мен қатысушылары бейнероликтер байқауының іріктеу кезеңінен өткен, үздік деп танылған жұмыстарды тамашалады.

Бес номинация бойынша іріктелген бейнероликтер көрсетілгеннен кейін сахнаға Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев шығып, «Үздік бейнеролик» және «Үздік сурет» номинациясының жеңімпаздарын жариялап, марапаттады.

«Үздік бейнеролик» болып Талдықорған қаласы Ө.Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясының студенті Югай Александрдың жұмысы танылып, жеңімпаз қанжығасына 100 000 теңге байланды. Ал, «Үздік сурет» ретінде бас жүлде мен 50 000 теңге «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Витионова Ангелинаға бұйырды.

Әрі қарай бейнероликтер санатындағы номинациялар бойынша марапаттаулар жалғасты. «Үздік сюжет» жеңімпаздары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері Исмаил Ялкун және Оратев Әмірді 30 000 теңге иеленсе, бейнехостингтің интернет пайдаланушылары анықтаған «Көрермендер көзайымы» номинациясының жеңімпаздары Көксу ауданы Қ.Жалайри орта мектебінің оқушыларына 15 000 теңгелік сыйақы бұйырды. Оларды Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс–қимыл Ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Даурен Қаратай «Үздік актерлық ойын» және «Үздік монтаж» номинацияларының жеңімпаздарын жариялап, арнайы сыйлықтар табыстап, оларды марапаттады. «Үздік актерлық ойынды» Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжінің студенті Ботаева Әсел (30 000 теңге) көрсетсе, «Үздік монтаж» номинациясы бойынша Ескелді ауданының Ж.Жакыбаева орта мектебінің оқушыларының (30 000 теңге) жұмысы жеңіп алды.

Ендігі кезек «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында суреттер байқауының жүлдегерлерін марапаттауды болды. Марапаттауға сахна төріне шыққан мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Абдыбеков суреттер байқауында екінші орын алған Хрипунова Нинельге және үшінші орын алған Жетпісбаев Диасқа смартфондар табыс етті.

Д.Жұмақұлова

Соңғы жаңалықтар