Қоғам 14.06.2017 сағат 04:11  1212

Көкшетауда облыстық соттың судьясы өлтірілді

Көкшетауда Ақмола облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Жанна Бердіқұлованың мәйіті табылды деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Судьяның өлі денесі 13 маусым күні табылған. Оны қылқындырып өлтіргені анықталды. Артынша тәртіп сақшылары 1985 жылы туған күдіктіні қолға түсіріпті. Оның Жанна Бердіқұлованы өлтіргені анық дейді полицейлер, тек тергеу ісі күдіктінің айыбын дәлелдеп шығуы керек.

Судья сейсенбі күні таңертең жұмысқа келмепті. Оны іздеген әріптестері әйелдің өлі денесін өз пәтеріндегі жуыну бөлмесінен тапқан. Олардың айтуынша, Жанна Бердіқұлова жалғыз өзі тұрған екен. Жақында ол қызмет бабымен Алматы қаласына көшуі тиіс болған.

"Күдікті бірнеше рет сотталған. 2006 жылы кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған. Қазіргі таңда оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - дейді Ақмола облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіндегілер.

Марқұмның туған-туыстарына алғашында әйелдің жүрегі тоқтап қалғандықтан қайтыс болғаны айтылыпты. Алайда, сот-медициналық сараптама оның мойнынан адам қолының іздерін тапқан.

Соңғы жаңалықтар