Қоғам 01.06.2017 сағат 14:08  893

Алматыда Балалар күні ерекше тойланды

1 маусым – балаларды халықаралық қорғау күнінде Алматыдағы мерекелік шаралар Республика алаңында, Орталық мәдени және демалыс саябағында өтті. Сонымен қатар, Республика сарайында ерекше күтімді қажет ететін балалар арасындағы «Жұлдызай» ХІІ республикалық фестивалі жеңімпаздарының гала-концерті ұйымдастырылды.

Республика алаңында 5 мың бала қатысқан музыкалық оркестрлер мен ансамбльдердің шеруі қала тұрғындарын ерекше әсерге бөледі. Айта кету керек, Орталық мәдени және демалыс саябағында балалар шығармашылық ұжымдарының концертіне де тыңдарман көп жиналды. Оған «Сенім», «Мөлдір», «Тамаша», «Сюрприз», «Ерке наз», «Наргиз» сынды өнерлі балалар ұжымы мен өнер университетінің студенттері қатысты. Бұл күні балалардың көңілін көтеріп, мерейін асырыру мақсатында ешкім аянып қалмады. Цирк артистері де, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері де балаларды құттықтауға келді. Ал «Бозторғай – 2017» халықаралық конкурс жеңімпаздарының гала-концерті балалардың да, ата-аналардың да көңілінен шықты.

Орталық мәдени және демалыс саябағында «Менің сүйікті қалам», «Экспо – 2017», «Бақытты балалық шақ», «Қазақстан Республикасы» деген тақырыптарға сурет көрмелері ұйымдастырылды. Сурет салған әрбір бала еліне, туған қаласына деген махаббатын, сүйіспеншілігін қылқалам мен бояу арқылы жеткізуге тырысыпты. Көрмеге қойылған қызылды-жасылды суреттер мерекенің көркін келтіріп тұрды.

Сонымен қатар, 1 маусым күні алматылықтар ерекше күтімді қажет ететін балалардың «Жұлдызай» ХІІ республикалық фестивалінің гала-концертін тамашалады. Бұл сайыста жалпы 7 780 конкурсант бағын сынаған екен. Оларға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен «BІ-Жұлдыз-ай» корпорация­сының президенті Айдын Рахымбаев ақ жол тілеп, мерекелерімен құттықтады. Қала әкімі ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін жасалып жатқан қайырымдылық пен қамқорлық шаралары туралы айтты. Оған қоса, мектеп-интернаттар мен  корпоративті «Болашақ» қоры, «Ашық әлем» қоғамдық қорларының инклюзивті білім беруді дамытуға арналған кабинеттер мен орталықтар ашқанын да атап өтті. 

Алматы әкімі концертке дейін қаладағы коррекциялық мектеп оқушылары салған сурет көрмесін аралады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалардың қолынан шыққан суреттер көрермен назарына ұсынылды. Соның ішінде әкім интеллектуалды дамуы кешеуілдеген балалар оқитын №7 мектеп-интернат оқушыларының қолынан шыққан «ЭКСПО – 2017 балалар көзімен» триптихін ерекше бағалады. Бұл туындыны жасап шығару үшін олар 3 ай бойы тынбай еңбектеніпті. «Мен бүгінгі көрмеге өз қолдарымен жасаған жұмыстарын әкелген барлық балаларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Себебі, бұл жұмыстардың бәрінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі. Осы биіктікті төмендетпеңдер, мен сендерге сенемін!», - деді қала басшысы Б.Байбек.

«Жұлдыз-ай фестивалі – балалардың өміріндегі жаңа баспалдақ. Олар бұл байқау арқылы өмірден өз орындарын табады, оқуға түсіп, шығармашылық ұжымдарын құрады. Мұндай ерекше балалардың ерік-жігерлері де ерекше мықты. Сондықтан, олар мықты екендерін дәлелдеп, түрлі кедергілерді жеңе біледі, алға қарай ұмтылады. Бұл – жобаның басты жетістігі», - деді фестивальді ұйымдастырушы, BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахимбаев.

Фестивальдің екінші іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен балалар қазақстандық танымал әншілермен бірге ән салып, өнерде шекара жоқ екенін дәлелдегендей. Мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, армандары асқақ балалардың өнерін, талантын қолдауға Маржан Арапбаева мен Жұбаныш Жексенұлы, «КешYOU», «ӘлемBand» топтары мен өзге де әншілер келді.

Г.Сембиева

Соңғы жаңалықтар