Қоғам 28.06.2017 сағат 03:07

Қазақстандықтардың зейнетақыға жинаған миллиардтары тағы шетел асты

Жұрттың кәрілікке деп жиған қаржысы тағы да шетел асып жатыр! Зейнетақы қоры миллиардтарды өзге елдерге инвестиция ретінде құюын жалғастыруда. Тек бір айда 83 миллиард теңге айналымға шығарылған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Инвестицияның қыруар табыс әкелетініне қор басшылығы бұл жолы бек сенімді. Бірақ, Әзірбайжан банкіндегі жағдайдан кейін жұрттың сеніміне селкеу түскені аян. Оның үстіне, жыл басында талан-таражға түскен 5 млрд-тың жайы да нақтыланар емес. Тергеудің аяқталмауына байланысты, сол басшыларды абақтыда ұстай мерзімі тағы ұзартылып отыр.

83 миллиард теңгені зейнетақы қорының басшылары тек мамыр айында шетел асырған. Яғни, АҚШ ақшасына шаққанда 265 миллион доллар өзге елдің қаржы ұйымдарына инвестиция ретінде құйылып отыр. Осылайша, қазір жалпы соммасы 316 миллиард теңге шетелде айналыста жүр. Шетелдегі активтерге құйылған әр тиынға Әзірбайжан банкіндегі жағдайдан кейін барлығы алаңдайды. Тек, зейнетақы қорындағылар өздеріне сенімді.

«Қор қаржысы құйылған шетелдік банктер – несиелік рейтингі жоғары ұйымдар. Сондықтан, оларға шүбәсіз сенуге болады», - дейді «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева.

Қазір салымшыларды бұлай құр сөзбен сендіру қиын. Өйткені, Әзірбайжан банкіне құйылып, қайтарылмай қалған 71 миллиард теңгеден бөлек, тағы 45 миллиардтың тағдыры қыл үстінде тұр екен. Бұл қордың проблемалық активтері.

«45 миллиард проблемалық активтер жеке зейнетақы қорларынан мұра ретінде қалған. Біз қазір сол 21 эмитентпен жұмыс істеп жатырмыз. Олар қарыздарын уақытылы төлеп келеді. Жыл басынан бері 80 миллион теңге қайтарылды. Жоспар бойынша, 2021 жылға дейін қарыз толық өтеледі», - дейді Сәуле Егеубаева.

Биылғы инвестициялық табыс та мардымсыз. Оған инфляция деңгейі кері әсер етіпті. Дегенмен, қордың жағымды жаңалықтары да жоқ емес. Бүгін олар жинақтың 7 триллион теңгеден асқанын мақтанышпен жеткізді.

Жыл басында қордағы тағы 5 миллиард теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталған болатын. Бүгін сол халықтың ақшасын жөн-жосықсыз жұмсағандарды қамау мерзімі ұзартылды. Өйткені, «Бузгул-Аурум» компаниясының құнды қағаздарын сатып аламыз деп, басы бәлеге қалған қор басшысы Руслан Ерденаев пен оның сыбайластарына қатысты тергеу әлі аяқталар емес. Соңғы кездері басынан дау арылмаған зейнетақы қоры азаматтармен қарым-қатынасын жақсартуға барынша тырысуда. Ол үшін жуырда ашық есік күнін өткізбек. Айтпақшы, қазір мекеме онлайн қызмет көрсетуді дамытып жатыр. Енді шот ашу, зейнетақы төлемдерін тағайындау сияқты жұмыстарды электронды түрде жүзеге асыруға болады. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар