Қоғам 28.06.2017 сағат 03:15  729

Дат архитекторы Ян Гейл: Алматыдағы көлік санын азайту керек

Өткен жылы Алматы қаласы билігінің шақыртуымен мегаполиске атақты дат архитекторы, танымал урбанист Ян Гейл келген болатын. Ол бұл сапары барысында қала дизайны мен көлік қозғалысына қатысты мәселелерді шешу туралы құнды кеңестерімен бөлісіп, оңтүстік астананың инфрақұрылымын дамыту жайлы концепциясын ұсынған еді. Одан бері біраз уақыт өтті. Қазір дат архитекторы ұсынған жоба негізінде қала көшелері мен кейбір қоғамдық орындардың құрылымы өзгеріске ұшырады. Бұл туралы Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері Sn.kz порталының сұрауына жауап беру барысында айтып берді.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Дат архитекторы берген нұсқау бойынша бес көшенің, атап айтқанда, Жібек жолы, Гоголь, Панфилов және Қабанбай батыр мен Астана алаңына өзгерістер енгізіліп, олар жаңартылған. Ян Гейл бұған дейін Перт, Аделаида, Сидней, Нью-Йорк пен Лондон секілді қалалардың келбетін өзгертіп, адамдардың өмір сүруіне ыңғайлы мекенге айналуына үлес қосқан еді. Бір қарағанда архитектордың идеясы қарапайым көрінеді. Алайда, оны жүзеге асыру оңай шаруа емес екен.

Айта кету керек, Ян Гейл: «Алматы жасыл желекті ағаштарымен ерекшеленеді. Менің көзіме бірінші осы ерекшелік түсті. Әлемнің дамыған қалаларының басым көпшілігі жыл сайын 50-60 мың ағаш отырғызып, қолдан желектендіруге ұмтылады. Ал сіздерге ол мәселе жоқ. Бұл қалалық ландшафтың басты артықшылығы», - деді журналистерге берген сұхбатында. Сондықтан, Алматының «жасыл қала» деген статусын сақтауға да көңіл бөлінеді.

Ал архитектор қаланың басты кемшілігі ретінде көлік кептелесін атады. Әрбір мың тұрғынға шаққанда көлік саны Копенгагендегіден 3 есе көп екен. Оған қоса, «халықты көліктен велосипедке ауыстыру қажет» деген кеңес берді. Яғни, велосипедшілер мен жаяу адамдар жүретін жолдарды көбейту әрі кеңейту жайын да қарастырды. «Алматы адамдар үшін» принципінен айнымауға шақырды. Көшелердің қайта қалпына келтіру жобасы қала аумағы мен қоғамдық қозғалысты реттеуге бағытталған. Осылайша, мегаполистің экологиялық ахуалын ғана емес, қаланың заманауи имиджін де жақсартуға болады.

«Қазіргі уақытта дат архитекторы ұсынған жоба аясында бірнеше міндет алға қойылып, олар шетінен жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, біріншісі қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыру, яғни, қоғамды көліктер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы коммуникация жүйесін жасақтау. Келесі міндет – мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы әйелдердің қоларбаны сүйреп жүруіне ыңғайлы жолдар жасау. Одан кейінгі велосипедтер жолын көбейту де кезек күттірмейтін мәселе. Балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарының санын арттыра түсу де негізгі мақсаттардың қатарында. Сонымен қатар, қала көшелеріне өзгеріс енгізу кезінде жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды қолдану да ұмыт қалмауы тиіс. Ең бастысы, қаншама өзгеріс жасалғанымен қаланың бұрынғы тарихи келбеті жоғалып кетпеуі шарт. Тағы бір маңызды дүние бар. Ол қала территорияларын тиімді түрде пайдалануды үйрену. Архитектордың және бір белгілеп берген тапсырмасы қаланың инновациялық келбетіне мән беріп, туризм орталығына айналдыру жолдарын қарастыру болды. Қазір осы міндеттер негізінде белгіленген шаралар жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр», - дейді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының атқарушы директоры Алмасхан Ахмеджанов.

Сондай-ақ, дат архитекторы: «Алматыдағы көліктер ағынына қатысты өзгеріс керек. Мен қай қалаға бармайын, барлығы «біз көлікті жақсы көреміз» деген сөзді айтады. Алайда, қажеттілік туындаған соң көліктен түсіп, жаяу жүру қажет немесе велосипедке отырыңыздар. Сіздердегі «Көліктер көтерілісін» ешкім қадағаламаған. Қала көшелері қаншалықты кең болса да олар машинаға толып қалды. Қалада бір бос бұрыш жоқ. Бәрінде көлік қаптап тұр», - деп мегополистегі басты қиындықты ашып айтқан еді. Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша да реформа жасалды. Көлік тұрағына қатысты қиындықтар да ескеріліп отыр. Ян Гейлдің концепциясы негізінде қала имиджін көтеріп, қозғалысты реттеу ісі жалғаса бермек.

Г.Сембиева

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар