Қоғам 07.07.2017 сағат 07:22  607

Қазақстан азаматы Омбыда фермерді өлтіріп, оның денесін доңыздарға берген

Омбы облысының прокуратурасы Қазақстан азаматы мен оның ресейлік сыбайласының үстінен қозғалған істі сотқа жолдады деп хабарлайды РИА Новости. Күдіктілер 200 мың рубль үшін фермерді өлтіріп, оның мәйітін өз доңыздарына жегізген деп айыпталуда.

Басты күдікті - 40 жастағы Қазақстан азаматы. Оның үстінен қарақшылық және кісі өлтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сыбайлас әйел болса қарақшылық жасап, өлтіруге итермелеген деп айыпталуда.

Тергеу мәліметтерінен белгілі болғандай, сыбайластар 57 жастағы фермердің үйінде ірі көлемде ақша бар екенін алдын ала білген. Ақшаны алу мақсатында күдікті әйел қазақстандық сыбайласына оны өлтіруге кеңес берген.

"2017 жылдың 14 ақпанында түнгі уақытта күдіктілер мен жәбірленуші спирттік ішімдік ішіп, кеш соңында 40 жастағы азамат фермерді буындырып өлтіреді. Ал, қолды қылған 200 мың рубльді олар өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қылмыстың ізін жасыру үшін ер азамат мәйітті доңыздарға апарып жеуге тастаған", - делінген прокуратураның таратқан хабарламасында.

Күдіктілер адам өлтіргендерін мойындап отыр. Дегенмен, ақшаның көлемі әлдеқайда аз болған еді дейді олар. Қазір Қазақстан азаматы қамауда. Ал, әйел адамның кәмелетке толмаған үш баласы болғандықтан ол үкім шыққанша үйқамақта отыратын болады.

Соңғы жаңалықтар