Қоғам 26.07.2017 сағат 10:38  348

Ақтөбелік полицей қазақ тілін үш айда меңгеріп алды

Ақтөбелік полиция қызметкері, ұлты неміс Николай Трошин қазақ тілін үш айда меңгеріп алды. Іс қағаздарын қазақ тілінде толтыратын тәртіп сақшысы бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр деп жазады ҚазАқпарат.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданындағы Ішкі істер бөлімінде жол-патрульдік полициясының бастығы болып еңбек ететін Николай Трошин қазақ тілін тез меңгеріп алды. Ол көршілес Ресей елінде дүниеге келген. Ұлты - неміс. Кейін әкесі Виктор Трошин жұмыс бабымен Ақтөбе облысының Хлебодар ауылына қоныс аударады. Орыс тілінде білім алып, Жамбыл облысында әскери борышын өтеген ол үш ай ішінде қазақ тілін үйреніп алған.

«Таразға әскери борышымды өтеуге барған кезде қызметтестерімнің бәрі қазақ тілінде сөйледі. Мен ғана өзге ұлт өкілі болдым. Бұйрықтар, тапсырмалар тек қазақ тілінде айтылып, міндеттеріміз осы тілде түсіндірілді. Ешкім орыс тілінде сөйлемеді. Сол кезде мен өз ортама бейімделіп, бір айда ауызекі тілде сөйлейтін болдым. Ал үш айда мен қазақ тілін еркін меңгеріп, сауатты сөйлеп кеттім. Екі жыл әскери борышымды өтеп, үйіме оралғанда орыс тілін мүлде ұмытып қалдым. Ата-анам, достарым таңқалды»,- деді Николай Трошин.

Әскери борышын өтеп, қайта оралған Николай Трошин Ақтөбедегі күзет полициясында біраз жыл қызмет етті. Ал 2014 жылдан бері Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп жүр.

«Жол-патрульдік полициясында жұмыс істейтін әр қызметкер қазақ тілін білуі керек. Себебі, патруль - полицияның айнасы. Олар күнбе-күн халық алдында жүреді. Бірінші көзге түсетін, алдыңғы шепте болып, көмекке алғаш болып асығатындар да солар. Сондықтан халықтың тілін түсіне білу аса маңызды» - деді ол.

Николай Трошин үш баласын да қазақ балабақшаларына апарды.

«Жұбайым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайымның ұлты орыс болғанымен, үйімізде үнемі қазақтың ұлттық тағамдары әзірленеді. Шаңырағымызда аптасына міндетті түрде ет асылып, бауырсақ пісіріледі. Балаларым қазақ балабақшаларына барып жүр. Қазақша ән айтады, батаны да береді. «Балалар - біздің болашағымыз» деген сөз тегін айтылмаған. Біз өз балаларымызды қалай тәрбиелесек, еліміздің келешегі де сондай болатыны рас. Мысалы, балаға кішкентай кезінен қоқысты көшеге тастамауды, арнайы қоқыс жәшіктеріне тастауды үйретудің өзі туған жерін құрметтеуге, көше сыпырушылардың еңбегін бағалауға, тазалыққа ұмтылуға ықпал етеді. Өзіміз қандай болсақ, балаларымыз да сондай болады», - деді ол.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар