Қоғам 25.07.2017 сағат 11:47  486

Ғаламтор кеңістігіне мониторинг жүргізілетін болады

Өткен жылғы Ақтөбедегі, Алматыдағы қанды оқиғалардан кейін Діни басқарма өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, әлеуметтік желілер мен интернет желісіне де моиторинг жасайтын болған. Себебі, біздің елімізде ресми тіркеуден өткен жүзден аса діни бірлестік бар.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Ал, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз» деп атап өтті. Президент бұл туралы дін басыларымен болған кездесу барысында айтып, деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне баса назар аударған болатын.

Осы ретте Алматы қаласындағы діни ахуал қандай деген сауалдың туатыны жасырын емес. Былтыр ғана теракт орын алған қалада теріс діни ағымдармен қалай күресіп жатыр? Алдын алу шаралары қай деңгейде? Бұл сұрақтардың жауабын іздеп дін саласына жауапты мамандардың алдына барған барған болатынбыз.

Алматы қалалық Дін істері басқармасының мәліметінше, қалада ресми тіркеуден өткен 178 діни бірлестік бар екен. Олардың конфессиялық бағыттары бойынша: 48 ислам бірлестіктері, 23 православтық, 4 католиктік, 1 вон-буддизм, 1 иудаизм қауымдары, 87 протестанттық сенімдегі бірлестіктер, 14 жаңа діни конфессиялар (Иегова куәгерлері – 6, мормон шіркеуі – 1, Кришна санасы қоғамы – 1, Жетінші күнгі адвентисттер шіркеуі – 3, Жаңаапостолдық шіркеуі – 1,  Бахай қауымы – 1, Мун шіркеуі – 1) бар. Ал миссионерлік қызметпен айналысушы шетелдік 145 азамат тіркеуден өткен екен.

– Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оған қарсы тұру бағытында Алматы қаласы әкімдігінің жауапты басқармалары, аудан әкімдіктері құқық қорғау органдарымен, атап айтқанда Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер органдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Оң нәтижелі жұмыстың бірі – Алатау ауданында 9 300  адамға есептелген 4 мешіт салынып жатса, Түрксіб және Наурызбай аудандарында бір-бірден мешіт құрылысы басталуда, - дейді Дін істері басқарманың басшысы Айдар Есенбеков.

Сонымен қатар, Басқарманың тапсырысы бойынша радикалды діни идеологияның таралуын алдын алуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған 4 бейнефильм («Кері ағымдар», «Дін мен дәстүр», «Сектор хаоса», «Правда о лжи») әзірленді. Бұл фильмдер қазақ және орыс тілдерінде дайындалған.

– Аталған фильмдерді телеарналардан көрсетуі өз алдына, оларды сондай-ақ, оқу орындарында өтетін жастармен кездесулерде де көрсетіп келеміз. Санасы енді қалыптасып келе жатқан өскелең ұрпаққа жай ғана түсіндіру жұмыстары әсер ете қоймауы мүмкін. Ал, кейіпкерлерді мысалға келтіре отырып түсірілген фильмдер көргеннен кейін олардың бойында «иммунитет» пайда болады, – деді А.Есенбеков.

Деструктивті діни ағымдардың жетекшілерімен жеке сұхбаттар, түсіндіру жұмыстарын өткізу – Дін істері басқармасының негізгі міндеті болып отыр дейді Басқарма басшысы.

– Діни ахуалға мониторинг, зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін әлеуметтік зерттеулер өткізуді, діни ахуал бойынша электронды, интерактивті картаны әзірлеу мен ғаламтор кеңістігінде мониторинг жүргізу шараларын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамын қайта қалыптастыру, діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен жұмыс жүргізу және діни ағым мүшелерін оңалту орталығының қызметін жандандыруды, ағартушылық, түсіндіру мазмұнындағы бейнефильмдер, аудиороликтер әзірлеуді қолға аламыз. Сондай-ақ, мультимедиялық (билбордтар, инфографикалар, брошюралар – ред.) ақпараттық материалдар әзірлеу арқылы ағартушылық жұмыстар жүргізу мен мешіт жамағаттары арасында спорт ойындарын ұйымдастыру, белгілі қоғам қайраткерлері, спорт, мәдениет салаларының беделді тұлғаларымен кездесулер өткізуді ұйымдастыруды жоспарлаудамыз, – дейді басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы.

Айта кетейік, «Дінтану және зайырлылық негіздері» пәнінің мұғалімдеріне, құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне, ҚМДБ имамдарының, блогерлердің дін саласы бойынша ақпараттындыруды көтеру мақсатында семинар-тренингтер өткізу де Дін істері басқармасының қолға алып отырған негізгі шаралары болып табылады.

Сондай-ақ, алдағы уақытта журналистер мен өзге де БАҚ өкілдері арасында діни экстремизм мен терроризмнің зияны туралы баяндайтын арнайы материалдар әзірлеу конкурсы ұйымдастырылатын болады дейді басқармадағылар.

Ақбота Мұсабекқызы

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар